Путин Қазақстанмен әскери келісімді қайта қарауды тапсырды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Қазақстан қарулы күштері армия банк
Қазақстан Ресейден бірнеше әскери техника алған / фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанмен және Өзбекстанмен әскери-техникалық әріптестік туралы келісімдерді өзгерту үшін келіссөздер жүргізуді тапсырды. Құжаттар заңнама порталында жарияланған.

Қазақстан мен Ресей мұндай келісімге 2013 жылғы 24 желтоқсанда отырған. Оны өзгерту жөніндегі жарлыққа Путин 27 шілдеде қол қойған.

Құжат қару-жарақ пен әскери техника жеткізу, әскери мақсаттағы өнім алмасу, технология мен құжат алмасу мәселелерін реттейді.

Мәліметтерге қарағанда, кейінгі жылдары Қазақстан Ресейден әскери техниканың бірнеше түрін алған. Олардың арасында Су-30СМ жойғыш ұшақтары, Ми-171Ш және Ми-35М тікұшақтары, «Бук-М2Э» зенитті зымыран кешендері, беренді техникалар бар. Коммерсантъ дерегінше, 2015 жылы Мәскеу Астанаға бес дана С-300ПС зенитті зымыран кешенін берген. Мұндай техника өңірде бірыңғай зымыранға әуе қорғанысы жүйесін құру мақсатында Қазақстанға жеткізілген.

Қазақстан да, Ресей де Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарты ұйымына мүше екенін айта кеткен жөн. Көрші екі елдің әскери саладағы әріптестігі негізінен осы ұйым аясында жүргізіледі.

Мәскеудің әскери әріптестік құжаттарында нақты қандай ережелерді өзгерткісі келетіні, бұған қоса осы мәселеге қатысты Қазақстан билігінің ұстанымы әзірге белгісіз.

Сондай-ақ оқыңыз