АҚШ Қытайдың гуманоид роботтарын әкелуге тыйым салды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
АҚШ қытай роботтарынан бас тартты / Фото: shutterstock

Трамп әкімшілігі Қытайда жасалған жаңа гуманоидтар мен төрт аяқты роботтарды АҚШ-қа кіргізуге шектеу қойды. Бұл шешім америкалық жасанды интеллект саласын қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданған. Reuters басылымы шектеу роботтардан бөлек, энергетика жүйелеріне арналған қытайлық қуат инверторларына да қатысты деп жазады.

Негізгі себеп – киберқауіп пен жеткізу тізбегі

АҚШ Федералды байланыс комиссиясының (FCC) хабарлауынша, бұл құрылғылар Американың маңызды инфрақұрылымына қауіп төндіруі мүмкін. Ақ үй қытай технологиялары дерек ұрлау мен кибершабуылдардың алдын алғысы келеді. Сонымен қатар Вашингтон өндірісті өз еліне қайтаруды көздеп отыр.

FCC төрағасы Брендан Карр комиссия елдің жеткізу тізбегін қорғауды жалғастыратынын айтты. Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта жасанды интеллектпен жабдықталған роботтар өндіріс пен күнделікті өмірде кеңінен қолданыла бастайды.

Қытай тарапының жауабы

Вашингтондағы Қытай елшілігі АҚШ-ты бизнес өкілдерінің пікіріне құлақ асуға шақырды. Қытай тарапы америкалық биліктен өз компанияларын қаралауды және санкциялармен қорқытуды тоқтатуды талап етті.

Бейжің бұл шектеулер Қытайдың ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірсе, тиісті жауап шараларын қабылдайтынын ресми түрде мәлімдеді.

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент қытайлық ЖИ компаниялары америкалық технологияларды ұрлағаны үшін санкцияға ұшырауы мүмкін екенін ескертті.

Америка билігі бұған дейін сирек кездесетін жер металдары нарығында орын алған жағдайдың қайталануын қаламайды. Ол кезде Қытай маңызды шикізатқа монополия орнатып, оны халықаралық аренада ықпал ету құралы ретінде пайдаланған болатын.

Наурызда АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп Ақ үйде америкалық Figure 3 роботын таныстырған.

Сондай-ақ оқыңыз