Оралдағы аурухана науқастың өліміне байланысты 4 млн теңге өтемақы төледі

Оралда дер кезінде медициналық көмек ала алмай қайтыс болған науқастың ұлы Жоғарғы сотқа жүгінген. Енді ауруханаға оған 4 млн теңге өтемақы төлейтін болды. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Ер адам қайтыс болғаннан кейін оның ұлы полицияға арызданған. Алайда қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмағандықтан, сотқа дейінгі тергеу тоқтатылған. Соған қарамастан, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің тексеруі кезінде науқасқа медициналық көмек көрсету барысында заңбұзушылықтар анықталған.
Әкесінің өліміне медицина қызметкерлерінің әрекеті мен әрекетсіздігі себеп болды деп есептеген ер адам аурухана мен емдеуші дәрігерге қарсы сотқа жүгініп, моральдық зиян үшін өтемақы өндіруді талап еткен.
«Науқас бірнеше рет медициналық көмекке жүгінген. Алайда медицина қызметкерлері оны алкогольдік масаң күйде деп есептеп, қажетті тексерулерден өткізуден әр жолы бас тартқан. Бұл ретте ағзасындағы алкоголь мөлшерін анықтайтын зерттеу жүргізілмеген. Тек денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына хабарласқаннан кейін ғана науқас терапия бөліміне жатқызылып, оған ишемиялық инсульт диагнозы қойылған», – делінген хабарламада.
Ашық деректерге сәйкес, ишемиялық инсульт кезінде адамның қимыл үйлесімі бұзылып, сөзі түсініксіз бола бастайды. Яғни, оның сыртқы белгілері мас күйге ұқсас болуы мүмкін.
Емдеу шаралары басталғанына қарамастан, ер адам келесі күні қайтыс болған.
Сот медициналық көмектің уақытылы көрсетілмеуі науқасты өлімге әкелмейтін жағдайдан сақтап қалуға берілген нақты мүмкіндіктен айырды деген қорытындыға келді. Алайда аурухана өкілі талап арызды мойындамаған.
Сот талапты ішінара қанағаттандырып, қайтыс болған науқастың ұлына моральдық зиян үшін 4 млн теңге өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.