“Алматы жастарымен” қандай пәтер алуға болады

Жарияланды
Қазақ редакциясының шеф-редакторы
фото: krisha.kz сайтынан скриншот

«Алматы жастары» ипотекалық бағдарламасы екінші нарыққа қан жүгірткелі отыр. Өйткені дәл осы бағдарлама аясында қолданыстағы пәтерлерді алуға рұқсат берілген. Алайда бюджет шектеулі. Іріктеуден өткендерге 20 млн теңгеге заем беріледі. Бұл сомаға Алматыдан бір бөлмелі пәтердің өзін табу қиын, бірақ мүмкін. Krisha.kz сайтын шолып, қандай нұсқа табуға болатынына зер салдық.

Іздеу кезінде ең ескі үй ретіндеі 1966 жылы салынған пәтерлерді таңдадық. Өйткені отбасы банкі салынғанына 60 жылдан асқан үйлерді кепіл ретінде қабылдамайды. Пәтер тым шағын болмас үшін ауданы 35 шаршы метрден кем еместерін іріктедік. Сүзгіні саудаласып түсіруге болады деген есеппен 21 млн теңгеге дейін пәтерлер шығатындай етіп қойдық.

Хабарландыру сайтынан 21 млн теңге бюджетке Жетісу, Түрксіб, Алатау және Наурызбай аудандарынан пәтер табуға болады.

Жетісу ауданы

Хабарландыру саны бойынша Жетісу ауданы көш бастап тұр. Материал жазылып жатқан сәтте сайтта 79 хабарландыру жарияланған. Пәтерлер негізінен Көкжиек ықшамданында, Айнабұлақтан да кездесіп қалады.

Мәселен, мына пәтер бағдарлама шарттарына толықтай сай келеді.

фото: krisha.kz сайтынан скриншот

Жалпы ауданы 40 шаршы метр, асүйі 12 шаршы метр деп көрсетілген. 6 қабатты үйдің 5-қабатында орналасқан. Бұл үйлерде лифт жоқ екенін ескерген жөн.

фото: krisha.kz сайтынан скриншот

Тура осындай бірақ бір қабатқа төмен орналасқан пәтер құны 21 млн теңге. Шұғыл сату керек, ипотекаға болады деп жазылғанына қарағанда 20 млн-ға түсуі мүмкін.

Түрксіб ауданы

Түрксіб ауданында пәтерлер Жетісудағыдай бір ықшамауданда шоғырланбаған. Мұнда Жас Қанат, Жұлдыз, Әуежай маңындағы ықшамаудандардан бізге керек пәтер табуға болады.

фото: krisha.kz сайтынан скриншот

Мәселен, мына пәтердің сипаттамасында ұқыпты жөндеуден өткені, «аласың да тұра бересің» деп жазылыпты. Балабақша, мектеп, дүкендер мен дәріхана, емхана мен мешіт жанында.

Алатау ауданы

Қаланың батыс бөлігіндегі ауданнан аталған бюджетке сай пәтерлерді Саялы, Мәдениет ықшамаударынан табуға болады.

фото: krisha.kz сайтынан скриншот

Айталық, Саялыдағы мына пәтерді риелтор ұсынып отыр, бағасы 21 млн теңге. Үйдің маңында мектеп, балабақша сияқты алғашқы қажеттіліктерден бөлек мамандандырылған халыққа қызмет орталығы, сәл арырақта Алматы Арена спорт кешені орын тепкен.

Наурызбай ауданы

Маған Қалқаман, Шұғыла ықшамаудандары ұнайды десеңіз, Наурызбай ауданын қарау керек. Мұнда бірақ біздегі бюджетке сай келетін пәтер саны өте аз. Небәрі 14 хабарландыру шығады. Олардың бірқатарының жөндеу жұмысы бітпеген.

фото: krisha.kz сайтынан скриншот

Мәселен, кейінгі жылдары бой көтерген Алтын Орда көшесінің бойындағы үйдегі мына бір пәтердің ламинатын төсеп, сантехникасын орнату қалыпты. Қалғаны дайын. Алайда қатар тізілген көп үйлерден тек осы пәтер ғана бюджетке сай келіп тұр.

Пәтер таңдаудағы қиындық

Бағдарлама аясында 1100 жасты баспанамен қамту жоспарланған. Ал осы бюджетке сай пәтер саны шамамен он есеге аз. Тұрғын үй нарығы ай сайын қымбаттап жатқандықтан, Алматы жастары бойынша пәтер табу жастарға қиынға соққалы тұр.

Сондай-ақ оқыңыз