«Самұрық-Қазына» қорына қарасты компания басшылары 7,7 млрд теңге сыйақы алған

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Қор топ-менеджерлеріне қанша жалақы төленген / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялардың топ-менеджерлері 2025 жылы жалпы 7,7 млрд теңге сыйақы алған. Қор мен оның еншілес компанияларының басшыларына төленген қаржы 2024 жылмен салыстырғанда аса өзгермеді. Алдыңғы жылы да топ-менеджерлер 7,7 млрд теңгеге жуық сыйақы алған.

Бұл қаражат жиынтық кіріс туралы есепте жалпы және әкімшілік шығыстар құрамында көрсетілген. Топ-менеджерлерге төленген сыйақы негізінен келісімшартта белгіленген еңбекақы және операциялық нәтижелерге қол жеткізгені үшін берілетін басқа да төлемдерден құралған.

«2025 жылдың 31 желтоқсанында аяқталған жыл бойынша Қордың және оның еншілес компанияларының Директорлар кеңесі мен Басқарма мүшелеріне төленген жалпы сыйақы сомасы 7 684 882 мың теңгені құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 7 686 909 мың теңгеге тең болған», – делінген қаржы есептілігінде.

Қор директорлар кеңесін премьер-министр Олжас Бектенов басқарады. Кеңес құрамында SKAI жасанды интеллект директорын қосқанда, 7 адам бар. Басқама құрамына Нұрлан Жақыпов бастаған 6 адам кіреді.

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына мұнай-газ және көлік-логистика секторлары, химия және атом өнеркәсіптері, тау-кен кешендері, энергетика және жылжымайтын мүлік салаларының кәсіпорындары кіреді.

Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», KEGOC, «Қазақстан Темір Жолы», «Эйр Астана», «Қазпочта», «Самұрық-Энерго», «Самұрық-Қазына өңдеу», «Тау-кен Самұрық», т.б. басқалары бар.

Сондай-ақ оқыңыз