Коллекторлар мен микроқаржы ұйымдарына қойылатын талап күшейді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) шағын несие беру мен коллекторлық қызмет саласындағы құқықтық ережелерді қатаңдатып, ауқымды реформа жүргізген. Бұған дейін мемлекет заңбұзушылық орын алғаннан кейін ғана жекелеген шаралармен шектеліп келген болса, бұл жолы шағын несиені беруден бастап, оның берешегін өндіріп алуға дейінгі бүкіл процестің ережелерін қайта жазып шықты.
Халықтың шамадан тыс қарызға батуын азайту және борышкерлердің құқығын қорғау мақсатында микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) бірқатар қатаң талаптар қойылды. Алдымен МҚҰ-лардың ең төменгі капиталы екі есе ұлғайтылып, 200 миллион теңгеге жеткізілді.
Шекті сыйақы мөлшерлемесі күніне 0,3%-дан, ал жылдық есеппен 179%-дан аспайтын болып белгіленді.
Сонымен бірге «жалақыға дейінгі» шағын несиелерге арналған бұрынғы ерекше жеңілдіктер күші тоқтатылып, онлайн-несие алу кезінде азаматтардың ойлануына мүмкіндік беретін міндетті 24 сағаттық «суыту» кезеңі енгізілді.
Ал төлемі кешіктірілген қарызы бар немесе борыш жүктемесі тым жоғары азаматтарға жаңа шағын несие беруге мүлдем тыйым салынды.
Коллекторларға қандай талап қойылады
Сондай-ақ қарызды өндіріп алу саласында борышкерлерге қысым жасау тәжірибесіне шектеу қойылды. Енді коллекторлардың жұмысы қысым көрсетуден емес, ең алдымен мәселені өзара реттеу әрекетінен басталуға тиіс.
Коллекторлық агенттік басшылары мен меншік иелеріне қойылатын талаптар күшейтіліп, мүдделер қақтығысына тыйым салынды, ал қызметкерлердің жауапкершілігі арттырылды. Бұған қоса, жеке тұлғалардың қарыздарын коллекторларға сатуға салынған мораторий 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды.
Қабылданған нормалардың орындалуын бақылау мақсатында 2023 жылдан бері ҚНРДА 824 тексеру жүргізіп, 310 қадағалап-реттеу шарасын қолданды. Нәтижесінде жалпы сомасы 693,4 миллион теңгеге 2 010 әкімшілік айыппұл салынды.
Заңды жүйелі түрде бұзғаны үшін 99 МҚҰ лицензиясынан айырылса, 29 МҚҰ-ның жұмысы уақытша тоқтатылды, ал 47 коллекторлық агенттік арнайы тізілімнен шығарылды.