Wildberries қоймаларын елге көшіру туралы ресми өтініш түскен жоқ – министрлік

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Wildberries қоймалары Қазақстанға көшірілуі мүмкін: Министрлік не дейді?
Wildberries қоймалары Қазақстанға көшірілуі мүмкін / фото: shutterstock

Сауда және интеграция министрлігі Wildberries қойма кешенін Қазақстанға ықтимал көшіру мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады. Оған сәйкес Wildberries компаниясынан ресми өтініш әлі түспеген.

«Қазіргі уақытта Wildberries компаниясынан Қазақстан Республикасының аумағында қосымша қойма қуаттарын орналастыру мәселесіне қатысты Министрлікке ресми өтініш келіп түскен жоқ. Тиісті ұсыныстар келіп түскен жағдайда, олар Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін ескеріле отырып, заңнама талаптарына сәйкес қаралады», – деп мәлімдеді министрлік.

Министрлік халықаралық компаниялардың кез келген жобалары елдің ұлттық мүдделеріне сай, өзара тиімді негізде жүзеге асырылытанын еске салды.

Сонымен қатар Қазақстанның транзиттік және логистикалық әлеуеті жоғары. Осыған байланысты министрлік заманауи қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ трансшекаралық электрондық сауданы ілгерілетуге бағытталған инвестициялық жобаларды қолдайтынын атап өтті.

Бұған дейін Wildberries-ті дамытатын RWB тобы Қазақстаннан шамамен 100 мың шаршы метр қойма алаңын іздеп жатқаны туралы ақпарат тараған. Алайда RWB ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз