Атыраудағы зауыт құрылысы алаңына 100 метрлік ірі бағана жеткізілді

Атырау облысында салынып жатқан полиэтилен зауытының құрылыс алаңына 100 метрлік ірі бағана жеткізілді. Ол елдегі кәсіпорындардың бірінде дайындалған.
Жергілікті тұрғындардың назарын бірден өзіне аударған ұзын фракциялау бағанасы – пиролиз қондырғысының негізгі элементі. Дәл осы жерде полиэтилен өндіруге арналған негізгі шикізат – этиленді бөлу процесі орындалады.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының мәліметінше, бағананың биіктігі – 101,8 метр. Бұл шамамен 30 қабатты тұрғын үйдің биіктігімен пара-пар. Диаметрі – 7,5 метр. Ал салмағы – шамамен 1 500 тонна.

Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аталған жабдық күндізгі уақытта сағатына шамамен 2–4 км жылдамдықпен жеткізілді.
Бағана «АтырауНефтеМаш» зауытында жасалды.
Полиэтилен зауытын «Силлено» бірлескен кәсіпорны салып жатыр. Жобаны Қазақстан, Қытай және Ресейдің жетекші мұнай-химия компаниялары бірлесіп жүзеге асырады. Зауыт жылына 1,25 млн тонна өнім шығарады.