Алматы тұрғыны 84 жастағы әжені ұрып, тонаған күдіктіні ұстап берді

Алматыда 84 жастағы қарияға шабуыл жасап, сөмкесін тартып алған күдікті оқиға орнында ұсталды.
Қылмыскерді ұстауға көмектескен 25 жастағы қала тұрғыны полицияның алғыс хаты және естелік сыйлығымен марапатталды.
Оқиға 20 шілде күні кешке Төле би мен Саин көшелерінің қиылысында болған. Тергеу мәліметінше, белгісіз ер адам 84 жастағы әйелге шабуыл жасап, бетінен ұрып, ішінде ақша мен ұялы телефоны болған сөмкесін тартып алған. Осыдан кейін ол оқиға орнынан қашып кетуге әрекеттенген.
Қылмыстың куәгері болған Роман бірден күдіктінің соңынан жүгіріп, өзге азаматтармен бірге оны полиция келгенге дейін ұстап тұрған. Кейін күдікті тәртіп сақшыларына тапсырылды.
Полиция оның жеке басын анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазір аталған дерек бойынша тонау фактісімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Полицияның мәліметінше, күдіктінің ізін суытпай ұсталуына куәгерлердің жедел әрекеті шешуші рөл атқарған.
«Романға батылдығы, жедел шешім қабылдай білгені және бейжай қалмағаны үшін алғыс айтамыз. Мұндай әрекет ерекше құрметке лайық. Қылмыстың куәсі болған кезде әркім бірдей араша түсе бермейді. Бұл жағдайда азаматтық жауапкершілік пен белсенді ұстанымның арқасында күдікті жедел ұсталып, әділдіктің орнауына ықпал етті», – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Мендебаев.
Айта кететін жайт, Атырауда 83 жастағы енесін өлтірген келін психиатриялық ауруханаға жіберілді.