Маньчжур жолбарыстарына Қытай мен Ресей шекарасы бөгет болмай қалды

Жойылып кетуге шақ тұрған маньчжур жолбарыстарының саны артып, бүгінгі күні 100-ден асты.
Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, бұл – Қытай мен Ресейдің көпжылдық табиғатты қорғау жұмыстарының нәтижесі.
Көп жылдан бері Қытай жабайы табиғаттағы маньчжур жолбарыстары мен Қиыр Шығыс қабыландарын қорғауға бағытталған бағдарламаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осы мақсатта құрылған Маньчжур жолбарыстары мен Қиыр Шығыс қабыландары ұлттық паркіне 19 ерекше қорғалатын табиғи аумақ біріктірілген.
Сирек кездесетін жыртқыштардың еркін қоныс аударуына жағдай жасау үшін ұлттық парк аумағында 290-нан астам сым қоршау алынып, табиғи көшу дәліздері қалпына келтірілді.
Сонымен қатар Қытай мен Ресей жалпы аумағы шамамен 17 мың шаршы шақырымды қамтитын трансшекаралық табиғатты қорғау аймағын құрып отыр. Екі ел жануарларды бақылау деректерімен алмасып, бірлескен патруль жүргізіп, экологиялық дәліздерді қорғау бағытында тығыз ынтымақтастық орнатқан. Бұл жоба биоалуантүрлілікті сақтаудағы халықаралық ынтымақтастықтың табысты үлгілерінің бірі ретінде бағаланып отыр.
Бұған дейін, Ресейден Қазақстанға әкелінген жолбарыстарға Үміт, Тұран секілді қазақша есім берілген болатын.