Анарбеков тағы да ерледі: «Қайрат» Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне өтті

Алматының «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омония» ұжымына қарсы драмаға толы қарымта кездесу өткізіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Кипрде өткен алғашқы ойында 0:1 есебімен есе жіберген алматылықтар өз алаңында жеңіс үшін алаңға шықты. Кездесудің 26-минутында қарсылас ойыншысы Какуллис қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Мұны тиімді пайдаланған «Қайрат» 37-минутта есеп ашты. Луиш Матаның пасынан кейін Эдмилсон мергендік танытып, екі ойынның жалпы есебін теңестірді (1:1).
Жанкешті күрес
Негізгі де, косымша уақыт та 1:0 есебімен аяқталып, жеңімпаз лотереяға айналған пенальти сериясында анықталды. Дәл осы сәтте тағы да «Қайраттың» жас қақпашысы Темірлан Анарбеков ерлік көрсетті.
Еске сала кетейік, өткен жылғы іріктеу кезеңінде Шотландияның азулы «Селтигіне» қарсы кездесуде Анарбеков керемет сейвтер жасап, «Қайратты» турнирдің негізгі кезеңіне алып шыққан еді. Бұл жолы да тарих қайталанды.
Пенальти сериясында екі команда тарапынан да қателіктер болды. «Қайрат» сапынан Олжас Байбек мүлт кетсе, Кипр клубының ойыншысы Балковец соққысын дарыта алмады. Серияның шешуші, 7-ші соққысында Темірлан Анарбеков Панагиотудың бағыттаған добын шеберлікпен қайтарып, командасына 6:5 есебімен жеңіс сыйлады.
«Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының 3-ші іріктеу кезеңінде болгариялық «Левски» командасына қарсы ойнайды.