«Қайраттың» Еуропадағы келесі қарсыласы – Болгарияның «Левски» клубы

УЕФА Чемпиондар лигасының 2-ші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омониясын» пенальти сериясында жеңген алматылық «Қайрат» келесі кезеңге жолдама алды. Енді 3-ші іріктеу раундында «сары-қаралар» Болгарияның ең жүлделі әрі тарихы бай клубтарының бірі – «Левскимен» шеберлік байқасады.
Қос ұжым арасындағы текетірес екі ойыннан тұрады. 1-ші ойын: 4 тамыз күні Болгария астанасы София қаласында өтеді. Ал қарымта ойын 11 тамыз Түркістанда өтеді.
Алматының «Орталық» стадионында шетелдік рэпер Канье Уэсттің концертіне байланысты «Қайрат» өз ойынын Түркістанда өткізеді.
️Еркебұлан Сейдахмет және «Левски»
Бұл жұптың арасында қазақ футболы үшін ерекше дерлік қызықты факт бар. Кезінде «Қазақ Мессиі» атанып, жас дарын ретінде танылған шабуылшы Еркебұлан Сейдахмет 2019 жылдың басында ресейлік «Уфа» клубынан дал осы Болгарияның «Левски» командасына жалға беріліп, бірнеше ай бойы софиялық ұжымның намысын қорғаған болатын.
Кейіннен Сейдахмет дәл осы «Левскидегі» кезеңінен соң «Қайрат» сапына ауысып, алматылық клубта бірнеше маусым жемісті өнер көрсетті.
«Қайрат» «Левскиді» жеңсе, плей-офф кезеңінде кіммен ойнауы мүмкін?
Егер алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының 3-ші іріктеу кезеңінде Болгарияның «Левски» ұжымын артта калдырса, турнирдің шешуші Плей–офф раундына жолдама алады.
УЕФА жоспарына сәйкес, плей-офф раундының жеребесі 3 тамыз 2026 жылы өтеді.
Ықтимал қарсыластар: «Қайрат» плей-оффта Чемпиондар лигасының 3-ші іріктеу кезеңіндегі басқа жұптардың жеңімпаздарымен немесе плей-офф кезеңінен тікелей қосылатын чемпион клубтармен кездесуі мүмкін.
УЕФА–ның 3-ші іріктеу кезеңіндегі көршілес жұптар:
1. «Динамо Загреб» (Хорватия) / «Кауно Жальгирис» (Литва)
2. «Слован Братислава» (Словакия) / «Мьёльбю» (Швеция)
3. «Црвена Звезда» (Сербия) / «Хапоэль Беэр–Шева» (Израиль)
4. «Орхус» (Дания) / «Сабах» (Әзірбайжан)
5. «Целе» (Словения) / «Арарат–Армения» (Армения)
Плей-офф раундында жеңіске жеткен команда Чемпиондар лигасының Негізгі кезеңіне жолдама алса, ұтылған ұжым Еуропа лигасының негізгі кезеңіне өтеді.