Прокурор соттан «ҚазТАГ» ісіндегі айыпталушылардың бас бостандығын шектеуді сұрады

Алматының Алмалы ауданы сотында мемлекеттік айыптаушылар соттан «ҚазТАГ» ісіндегі сотталушыларды кінәлі деп танып, олардың бас бостандығын шектеуді сұрады.
Түпкілікті шешімді Алмалы ауданы сотының судьясы жарыссөз аяқталып, сотталушылар соңғы сөзін айтқаннан кейін шығарады.
4 жылға дейін бас бостандығын шектеу
Қылмыстық істегін мемлекеттік айыптаушылар – Алматы прокурорының көмекшісі Ерлан Сержанов пен Алматы прокуратурасының аға прокуроры Мөлдір Кәнісова. Прокурорлар агенттіктің бас редакторы Әмір Қасеновті кінәлі деп танып, бас бостандығын 2 жыл 6 айға шектеуді сұрап отыр. Рақымшылық жасау туралы заңды ескеріп, жаза мерзімін 1 жыл 2 ай деп бекітуді сұрады. Ал Қапарованы кінәлі деп танып, бірақ рақымшылық жасау арқылы жазадан босатуды сұрады.
Сонымен қатар айыптау тарабы Қасеновке баспасөз конференцияларын, дебаттар ұйымдастыруға байланысты журналистік қызметпен айналысуға тыйым салуды сұрап отыр.
Ал агенттіктің бас директоры Әсет Матаевты бұзақылық эпизоды бойынша кінәлі деп танып, бас бостандығын 4 жылға шектеуді сұрады. Сондай-ақ Матаевқа ақпарат агенттігінің басшысы ретіндегі міндеттеріне адал қарамады деген айып тағылған.
Прокуратура Қапарова мен Қасеновтің кінәсі дәлелденді деп есептейді
Мемлекеттік айыптау Қасенов Қапарованың мәлімдемесін жарияламай тұрып оларды толыққанды тексермеген деп санайды. Редакция сауалдар жолдағанымен, келген жауап ескерілмеген.
«ҚазТАГ» материалдарында компания мен оның басшылығы алаяқтық жасады, қаржы пирамидасын құрды, ақшаны офшорға шығарды және басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтарға барды деп көрсетілген. Бұл айыптаулар компанияда бұрын жұмыс істеген нақты бір менеджерге емес, тұтас брокерлік компания мен оның акционеріне бағытталған.
Прокурор Қасеновтің жауап алу кезіндегі әрекетіне де назар аударды. Оның айтуынша, агенттіктің бас редакторы сұрақтарға таңдап жауап берген, кей сұраққа қатысты түсініктеме бере алмаған.
Айыптау тарапы пікірінше, компанияға қатысты материалдардар арқылы оқырман аудиториясын кеңейтуді көздеген. Қапарова мен оның ресми өкілінің айтқаны екі ай ішінде әртүрлі нұсқада шығып отырған, ол жерде брокерді қылмыстық әрекетке барды деп айыптаған.
Матаев сайт жұмысын бақыламаған
Прокурор «ҚазТАГ» бас директоры Әсет Матаевтың әрекетіне қатысты да айтты. Сот барысында Матаев редакция саясатына араласпағанын, Қасенов материалдарын бақыламағанын және жалақы төлеу секілді жұмыстармен айналысқанын айтты. Сөзінше, редакцияда бас редактор шешімді өзі қабылдаған және жарияланған материалдар туралы директорға есеп бермеген.
Мемлекеттік айыптау мұндай басқару моделін қисынсыз деп атады. Матаев агенттік жылдам әрі шынайы ақпарат таратады деген, алайда жарияланған материал мазмұнын да, компания атынан жіберілген сауалдарды да бақыламаған деп атап өтті.
Айыптау нұсқасы бойынша, Матаевтың басқаруға қатысты міндеттерін тиісінше орындамауы Қасеновке заңды тұлға атынан тексерілмеген материалдар жариялауға мүмкіндік берген. Бұл брокерлік компания үшін ауыр зардаптарға әкелген.
Прокуратура Матаевтың қылмыстық істегі материалдардың бір бөлігі шыққан кезде еңбек демалысында болғанын растайтын құжаттарға да күмән келтірді. Прокурор сотталушының демалысқа шыққаны туралы бұйрықтың сот талқылауы басталғаннан кейін ғана көрсетілгеніне назар аударды.
Қапарованың әрекеті
Мемлекеттік айыптау Жанна Қапарованың БАҚ арқылы көрінеу жалған ақпарат таратуды көздемедім деген жауабын да жоққа шығарып отыр. Прокуратура нұсқасы бойынша, 2024 жылдың тамызында Қапарова «Фридом Финанс» өкілдерімен кездескен. Сол кезде оған компанияның ұстанымы түсіндіріліп, оның сөзіне қайшы келетін мән-жайлар айтылған. Бұдан бөлек, Қапарова бастапқыда ақшаның жоғалуына қатысы бар деп санаған адамдарға қатысты тергеу нәтижелерінен де хабардар болған.
Соған қарамастан, алаяқтық, қаржы пирамидасы және қаражатты сыртқа шығару туралы мәлімдемелер баспасөз конференцияларында айтыла берген. Айыптау Қапарова, Қасенов және адвокат Светлана Оралбаева арасындағы хат алмасуға да сілтеме жасады. Прокурордың пікірінше, бұл хабарламалар Қапарова мен «ҚазТАГ» бас редакторы арасында алдын ала келісім болғанын көрсетеді.
Бұзақылық әрекеті
Бұзақылық эпизоды бойынша да прокуратура Матаевтың кінәсі дәлелденді деп есептейді. Сөзінше, Матаевтың бұл оқиғаға қатысы видеолар, куәлар берген жауап негізінде дәлелденді.
Осылайша Матаевты Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көзделген бұзақылық әрекетін жасағаны үшін кінәлі деп тануды сұрады.
Даудың басы
Дау 2024 жылдың күзінде Карлығаш Қапарованың бұрынғы менеджер Темірлан Бековке қарсы арыз жазуынан басталған. Алайда 2025 жылдың жазында Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бұл істі толық тоқтатты. Тергеу барысында клиент Бековтің жұмыстан кеткенін біле тұра оған шотының логині мен құпиясөздерін өз еркімен бергені, табыстың 20 пайызын төлеуге келіскені және әрбір мәмілені SMS-код арқылы өзі растағаны анықталған. Осылайша, ол брокерлік компанияның ішкі талаптарын бұзған.
«ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» ісі бойынша сот процесі 15 маусымда басталды.
«ҚазТАГ» ХАА бас редакторы Әмір Касенов пен Астана тұрғыны Жанна Қапарова жалған ақпарат таратты деп айыпталып отыр. Ал агенттіктің бас директоры Әсет Матаев бұзақылық және қызметтік міндеттеріне адал қарамау баптары бойынша сотқа тартылған.