«Жаңа ойыншы аламыз»: «Қайраттың» бас бапкері жоспарын айтты

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Рафаэль Уразбахтин / фото: Getty images

Алматының «Қайрат» клубы трансферлік терезе жабылғаннан кейін де құрамды күшейту жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Команда қазір сапты жаңа ойыншымен толықтыру мүмкіндігін белсенді түрде қарастырып жатыр. Бұл туралы бас бапкер Рафаэль Уразбахтин «Қайрат» – «Омония» ойынынан кейінгі баспасөз маслихатында айтты.

«Трансферлік терезе жабылды, бірақ біз бір ай ішінде еркін агент мәртебесі бар ойыншыларды ғана құрамға тарта аламыз. Сондықтан қазір бұл бағытта белсенді ізденістеміз. Жақын арада келіссөздер оң нәтиже береді деп үміттенеміз», – деді Рафаэль Уразбахтин.

Бас бапкердің сөзіне қарағанда, клуб басшылығы мен бапкерлік штаб команданың шабуыл немесе қорғаныс шебін күшейте алатын тәжірибелі футболшыны табуға ниетті. Ресми трансферлік терезе жабылғанымен, ережеге сәйкес клубтар еркін агенттерді тіркеу мүмкіндігіне ие.

Айта кетейік, «Қайраттың» көшбасшысы португалиялық Жоржиньо «Ордабасымен» өткен ойында жарақат алып, маусымның соңынан дейін ойнамайды. Сондай-ақ, жақында аргентиналық легионер Себастьян Себальос «Қайрат» сапынан кеткен еді.

«Қайрат» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде кипрлік «Омония» клубынан басым түсіп, енді келесі кезеңде болгариялық «Левски» командасымен кездеседі.

Сондай-ақ оқыңыз