Мектеп формасын белгілі бір брендтен сатып алуға міндеттеу – заңсыз

Алматы облысының білім басқармасы жаңа оқу жылы қарсаңында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды еске салды.
Атап айтқанда, басқарма білім беру ұйымдарының ата-аналардан мектеп формасын белгілі бір өндірушіден, брендтен, тігін шеберханасынан немесе дүкеннен сатып алуды талап етуге құқығы жоқ екенін мәлімдеді.
«Мектеп формасына қойылатын талаптар оқу-ағарту министрлігінің тиісті бұйрығымен реттеледі. Құжатқа сәйкес, мектеп бірыңғай стильді, түсті және оқушылардың сыртқы келбетіне қойылатын жалпы талаптарды белгілей алады. Алайда ата-аналарды мектеп формасын белгілі бір жерден сатып алуға міндеттеуге жол берілмейді», – деп түсіндірді басқарма.
Бұған қоса білім беру ұйымдарының басшыларына мектеп формасына қатысты кез келген шешім ата-аналар қауымдастығының қатысуымен ашық түрде және заң талаптарына сәйкес қабылдануы тиіс екені ескертілді.
Басқарма талап бұзылғаны туралы өтініш түскен жағдайда тиісті тексеру жүргізілетінін хабарлады.
«Егер заң бұзушылық фактілері расталса, жауапты тұлғаларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады», – деп таратты облыстық білім мекемесі.
Мектеп формасын тек белгілі бір сатушыдан сатып алуды талап ету немесе өзге де құқықтарының бұзылуына тап болған ата-аналар Алматы облысының білім басқармасына немесе аудандық білім бөлімдеріне жүгіне алады. Әрбір өтініш заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады, деп ескертті басқарма.