Сотта «ҚазТАГ» «Фридом Финанс» туралы жариялаған материалдар мазмұнына талдау жасалды

Жарияланды
казтаг
Фото: Kursiv.Media

Алматының Алмалы аудандық сотында «ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» арасындағы қылмыстық іске негіз болған материалдар талданды. «Фридом Финанс» мүддесін қорғайтын адвокат Назерке Ризабекова жарыссөз кезінде ақпарат агенттігі қолданған тіркестердің мәнін ашып көрсетті.

Ризабекованың пікірінше, редакция материал жариялаған кезде пікір білдіргендің сөзімен шектелмей, қаражат ұрлау, алаяқтық схема, қаржы пирамидасы және ақшаны офшорға шығару туралы өз тұжырымдарын қосқан. 

«Ақша топ-менеджерлерге аударылған»

«ҚазТАГ» материалдарының бірінде салымшылардан ұрланған ақша «Фридом Финанс» топ-менеджерлеріне аударылғаны айтылған. Ризабекова сот назарын осы жердегі үш сөзге аударды: «ұрланған ақша», «салымшы» және «топ-менеджер».

Айтуынша, материалда пікірі келтірілген адамдар салымшы емес, инвестор болған. Банктегі салымнан айырмашылығы, инвестиция кепілдендірілген табысты көздемейді, активтердің құны өсуі де, төмендеуі де мүмкін.

«Капарова да, Исаева да, Гайфулина да салымшы болған емес, олар инвестор, – деді Ризабекова.

Сондай-ақ адвокат материалда аталған қызметкерлер компанияның топ-менеджментіне жатқызылғанына да келіспеді. Олардың бірі клиенттермен жұмыс жөніндегі аға менеджер, екіншісі Алматыдағы сату жөніндегі атқарушы директор болған.

«Топ-менеджмент – компанияның жоғары басшылығы», – деп атап өтті адвокат.

Айтуынша, қаржы ұйымдарының басшы қызметкерлерінің тізімін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтынан көруге болады, өйткені оларды қызметке тағайындау реттеуші органмен келісіледі. Ақпаратты ашық дереккөзден тексеруге болады. 

«Алаяқтық» және «қаржы пирамидасы»

«ҚазТАГ-тың» басқа материалдарында алаяқтық схемалары, ақшаны офшорға шығару және қаржы пирамидасын құру туралы айтылған.

Ризабекова болжам немесе басқа азаматтардың сөзі ретінде емес, расталған факт ретінде берілгенін атап өтті. Алайда мұндай қылмыстардың жасалғанын растайтын сот үкімі жоқ.

«Қылмыс жасалды деп жазу үшін заңды күшіне енген сот үкімі болуы керек. Мұндай үкім жоқ», – деді адвокат.

Адвокат материалдардан тағы бір мысал келтірді. Ол жерде Freedom Holding Corp. құрылымдарының топ-менеджменті ақшаны офшорға шығарудың алаяқтық схемасын жүзеге асырды және қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған.

Ризабекованың пікірінше, мақаланың құрылымы ақша офшорға шығарылып, қаржы пирамидасы құрылып қойғандай әсер қалдырады. 

Жәбірленушілер ақшасын «Фридом Финанста» жоғалтпаған

«ҚазТАГ» жәбірленушілердің ақшасынан «Фридом Финанс» әрекеттері салдарынан айырылғанын жазған. Ризабекова бұған қарсылық білдіріп, инвесторлардың келісімшарттары Қазақстандағы «Фридом Финанс» АҚ-мен емес, Белизде тіркелген FFIN Brokerage Services компаниясымен жасалғанын айтты.

«Бәрі ақшаны FFIN Brokerage Services компаниясына салғанын айтты. Олар ақшасын «Фридом Финанс» АҚ-ға салған жоқ», – деді адвокат.

Айтуынша, материалда әртүрлі заңды тұлғалардың атауы әдейі араластырылған. Алдымен редакция бір компанияның атауын дұрыс көрсетіп, кейін басқа немесе бұрмаланған атауды қолданған. Салдарынан инвесторлардың шағымдары қазақстандық брокерге және тұтас холдингке түскен.

«Бұл не үшін жасалды? FFIN Brokerage Services компаниясының нақты инвесторларына қатысты жағдайды «Фридом Финансқа» аударып қою үшін жасалған», – дейді Ризабекова.

Ол сотталушы Жанна Капарованың бұған дейін «Фридом Финанста» шоты болғанын және инвестициядан пайда тапқанын атап өтті. Капаровтар отбасының негізгі шағымы басқа шотқа және компанияның бұрынғы қызметкерімен жасалған жеке келісімдерге қатысты болған.

«Барлық азамат ақшасынан айырылды»

Сайттағы тағы бір тезис барлық инвестордың салған ақшасынан айырылғаны туралы болды. Ризабекова бұл мәлімдемені жоққа шығарды.

Ол инвестициялық портфель құнының төмендеуі өздігінен қаражаттың ұрланғанын дәлелдемейтінін еске салды. Шоттағы қаражат көлемі сатып алынған бағалы қағаздардың бағамына байланысты өзгеріп отырады.

Оның айтуынша, сотта нақты акциялармен, соның ішінде Amazon акцияларымен жасалған операциялар көрсетілген шот көшірмелері зерттелген. Кей инвестор пайда тауып, шоттарынан ақша шығарған.

«Инвестициялық нарықта біреу ақша жоғалтып, біреу табыс табуы мүмкін. Бұл әр секунд сайын болады, – деді Ризабекова.

«Компанияның америкалық акцияларды сатып алуға лицензиясы болмаған»

Материал мен баспасөз конференцияларында «Фридом Финансқа» қатысты құрылымдардың америкалық акцияларды сатып алу үшін қажет лицензиясы болмағаны да айтылған.

Ризабекова қазақстандық компания шетелдік нарықтағы мәмілелерді уәкілетті брокерлер мен делдалдар арқылы жасаса, SEC-ке тікелей тіркелуге міндетті емес екенін айтты.

Сөзінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Белизде тіркелген FFIN Brokerage Services компаниясын реттемейтіні туралы жауаптары да қате түсіндірілген. Мұндай жауап компания мүлде реттелмейді дегенді білдірмейді, тек ол туралы сұрақтарды тиісті юрисдикцияның реттеушісіне жолдау керегін көрсетеді.

«Бұл біздің реттеушіге келіп, АҚШ-та тіркелген компания туралы сұрағанмен тең. Олар бұл компанияны тіркеген жоқпыз, АҚШ-тан сұраңыздар деп жауап береді», – деп түсіндірді адвокат.

«Компания байланысқа шықпады»

Жанна Капарова «Фридом Финанс» жағдайды зерттемегенін, келіссөзге шықпағанын және клиенттері үшін ештеңе істемегенін айтқан.

Ризабекова бұған қарсылық білдіріп, Капарованың өзі сотта компания өкілдерімен бірнеше рет кездескенін растағанын айтты. Алғашқы өтініштен кейін оған жағдайдың тексерілетіні хабарланған, кейін қосымша кездесулер өткізіліп, ішкі тергеу жүргізілген.

«Компания қалай болғанда да мән-жайды анықтауға тырысты. Капарованың өзі «Фридом Финанс» өкілдерімен бірнеше рет кездесіп, жауап алғанын растады», – деді адвокат.

Компания бастапқыда клиенттер мен бұрынғы қызметкерлер арасындағы жеке келісімдер туралы білмеген. Брокерлік шоттың логині мен құпиясөзін үшінші адамға беруге тыйым салынған.

Ризабекова менеджерлердің клиент шотын толық бақылай алады деген мәлімдемені де жоққа шығарды. Жеке менеджер белгілі бір ақпаратты көре алғанымен, клиенттің активтерін өз бетінше басқара алмайды.

Редакция жауапты ма? 

Қорғау тарабы журналист жеке және заңды тұлғалардың ресми мәлімдемесін жарияланғаны үшін жауапты емес деген уәж айтты. Ризабекова бұл норманы аталған жағдайда қолдануға болмайтынын мәлімдеді. Біріншіден, мақалада редакцияның өз тұжырымы бар. Екіншіден, журналист қатысушыларға сұрақ қойып, әңгіменің бағытын айқындаған. Сондықтан болған жайтты редакция араласпаған ресми мәлімдеме деп қарастыруға болмайды.

Оқиға хронологиясы

Ризабекова 2025 жылғы 3 сәуірдегі оқиғаларға да жеке тоқталды. Айтуынша, алғашқы жарияланым сағат 18:43-те шыққан. Кездесуге қатысушылар құжаттардың бір бөлігін Қасеновке мақала жарияланғаннан кейін сағат 19:01-де ғана жіберген. Кейін редакция бұрынғы қызметкерлердің бірінің лауазымын анықтау үшін оның визиткасын қосымша сұратқан.

Мемлекеттік органдарға сұраулар алғашқы жарияланымнан шамамен бір сағат бұрын жіберілген. Мұндай уақыт ішінде толыққанды жауап алу мүмкін болмаған.

Пікірінше, редакцияның бірнеше заңды тұлға арасындағы жұмыс, инвестициялық нарық ерекшеліктерін және қызметкерлердің лауазымын анықтауға шамамен бес сағаты болған. Нәтижесінде мақала негізгі мән-жайлар толық тексерілмей жарияланған.

Кейін «ҚазТАГ» мемлекеттік органдардың жауаптарын алған және компания сайтындағы теріске шығаруларды көрген, алайда оларды кейінгі материалдарға қоспаған.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың бас бостандығын шектеуді сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз