Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізген Петропавл тұрғыны сотталды

Петропавл қаласында діни алауыздықты қоздыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Айыпталушы 50 жастағы Арман Ахметов болды.
Бұл туралы Halyqstan жазды. Айыптау тарапының мәліметінше, ер адам әлеуметтік желілерде бірнеше рет діни өшпенділік пен алауыздықты қоздыруға бағытталған пікірлер жариялаған.
Атап айтқанда, ол исламның «қазақтарға тиесілі емес» екенін мәлімдеп, сондай-ақ Мұхаммед пайғамбардың атын қорлайтын сөздер айтқан.
Сотта айыпталушының мүддесін екі адвокат қорғады. Қорғау тарапы қосымша соттық дінтану сараптамасын тағайындауды сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Сонымен қатар сот процесі барысында Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы айыпталушымен процестік келісім жасауға келіспеді.
Нәтижесінде сот Арман Ахметовті діни алауыздықты қоздырғаны үшін кінәлі деп танып, оны алты жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Мұның алдында Бас прокурор Берік Асылов мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында әлеуметтік, ұлттық, діни алауыздық қоздыратын оқиғалар төңірегінде не істеліп жатқанын айтып, заңнамалық өзгерістер жасалатынын айтқан.