Бибісара Асаубаева ақшасы мен құжаттарын АҚШ-та жоғалтып алды

Әлемнің үш дүркін чемпионы (блиц) Бибісара Асаубаева Құрама Штаттарда ірі шахмат турниріне бара жатып, ақшасы мен құжаттарын жоғалтып алды. Әмиянның ішінде оның ең жақын адамының қолмен жазған хаты да болған.
Асаубаева ақшасын былтыр да, биыл да жоғалтты
Әйгілі шахматшыны қатты өкіндірген оқиға АҚШ-тағы екі ірі қала арасындағы сапары кезінде болды.
«Майамиден Сент-Луис қаласына ұшуға бара жатып, ішінде ақша, банк карталары және жеке куәлік бар әмиянымды қонақүйде қалдырып кетіппін», – деп жазды шахматшы.
Бибісара тура бір жыл бұрын Вашингтоннан дәл осы Сент-Луиске бара жатқан жолда банк карталары мен 500 долларын ұрлатып алғанын есіне түсірді.
«Ақша келеді-кетеді. Дегенмен оны жоғалту көңіл-күйді түсіреді. Ақша болмаса да, әмиянымды қайтарып берсе екен. Өйткені оның ішінде жеке куәлік қана емес, маған өте жақын адамның өз қолымен жазған хаты да бар», – деді Асаубаева Сент-Луистегі қонақүйге орналасқаннан кейін.
Happy-end
Алайда Құрама Штаттардағы бұл оқиға хэппи-эндпен аяқталды: Бибісара жоғалған әмиянды шабаданның бірінің ішінен тауып алды.
«Қолдауларыңызға рахмет. Әмиян үш шабаданның бірінің ішінен шықты. Әбден шаршағандықтан кеше таба алмасам керек. Бірақ қонақүйге хат жазып, хабарласқаннан кейін ғана табылғанын қарашы», – дейді шахматшы қыз.
Бибісара Асаубаева АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтетін супертурнирге қатысады. Әлемнің ең мықты шахматшылары шақыртылған жарыс 8-21 тамыз аралығында өтеді.
Осы аптада Бибісара өзбек гроссмейстері Жавохир Синдаровпен қай уақыттан бері дос екенін айтқан.