Миллионер Қаныбековке тиесілі әуе компаниясы былтыр 1,2 млрд теңге таза пайда тапқан

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Әуе компаниясы қомақты табыс тапты / Фото: «Евро-Азия Эйр» сайты

Forbes тізіміндегі миллионер Қаныбековтер әулетіне тиесілі Air Tengri әуе компаниясы былтыр 1, 2 млрд теңге таза пайда тапқан. Air Tengri компаниясы былтыр сәуірде тіркеліп, жыл соңында «Евро-Азия Эйр» кәсіпорны негізінде қайта құрылған болатын.

Әуе компаниясының қаржы есебіне сәйкес, былтыр компания 2,67 миллиард теңге кіріс кіргізіп, барлық әкімшілік және операциялық шығынды, салықты шегергенде 1,16 миллиард теңге таза пайда тапты.

Қазіргі кезде компанияның жалпы активтер базасы 57,3 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл қаражаттың басым бөлігі – ұшақтар, ангарлар мен арнайы жабдықтар сияқты ұзақ мерзімді негізгі құралдар.

Мұндай ауқымды инфрақұрылымды ұстап тұру және әуе кемелерін жаңартып отыру белгілі бір дәрежеде қарыз жүктемесін талап етеді. Қазіргі уақытта компанияның қарыздары 27,4 миллиард теңгені құрайды.

Түркістан облысында тіркелген компанияның компанияның 100 пайыздық акциясына «Sky Logistics Services» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иелік етеді. Ашық деректерге сәйкес, бұл бизнестің түпкілікті иелері- отандық кәсіпкерлер Н. А. Қаныбеков (65% үлесі бар) пен Т. А. Әсембек (35% үлесі бар).

Қаныбековтер отбасы Қазақстанның ең дәулетті 75 бизнесменінің рейтингіне кіреді. Forbes Kazakhstan басылымының бағалауынша, олар 95 миллион доллар байлығымен 71-орында тұр. Отбасы байлығының негізгі көзі — мұнай және әуе тасымалы. Сондай-ақ олар («Petro Asia» АҚ арқылы) «Саутс Ойл» мұнай компаниясының 39,17%-ын иеленеді.

 Олар «Евро-Азия Эйр» компаниясын 2017 жылы 11,85 млрд теңгеге «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясынан сатып алған.

«Евро-Азия Эйр» – Қазақстанда теңіздегі бұрғылау қондырғыларына дейін ұшуға рұқсаты бар, International Oil and Gas Producers Association (IOGP) талаптарына сай келетін жалғыз әуе компаниясы болған.

Компания паркінде 6 Embraer Legacy 650 ұшағы және 2 Agusta Westland AW-139 тікұшағы бар.

Сондай-ақ оқыңыз