Қазақстан экономикасы өскенімен, халықтың қалтасын қымбатшылық қағады

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (AERC) Қазақстанның 2026 жылға арналған макроэкономикалық болжамын жаңартты. Сарапшылардың шілде айындағы шолуына сүйенсек, ел экономикасының өсу қарқыны артқанымен, халықтың қалтасын қымбатшылық қағады.
AERC өкілдері жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныс моделдерінің нәтижесіне сүйене отырып, Қазақстан экономикасының өсім болжамын сәуірдегі 4,6%-дан 4,8%-ға дейін көтерді.
Ұсыныс тарапынан оң өзгерістер көлік саласы, құрылыс және өңдеу өнеркәсібіндегі жоғары белсенділікпен түсіндірілсе, сұраныстың өсуіне үй шаруашылықтарының тұтынуы мен негізгі капиталға салынған инвестициялар арқау болмақ.
Сонымен бірге, елдегі мұнай мен газ конденсатын өндірісіне қатысты болжам 92,5 млн тоннадан 96,4 млн тоннаға артты.
Оған сәуір-мамыр айларындағы өндірістің нақты динамикасын ескеруден және мұнай айлақ құрылғылары жұмысының қалыпқа келуі әсер етті. Ал Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасы бұрынғыша барреліне 87 доллар деңгейінде қалды. Бұл көрсеткіш геосаяси тәуекелдерді ескере отырып белгіленген.
Қымбашылық әлі де қысым түсіреді
Десе де, ішкі нарықтағы баға қысымы сақталады. Сұраныстың артуы, жанар-жағармай бағасы мен коммуналдық тарифтің өсімі ішкі нарықтағы қымбатшылықты арттырады. Осы факторларды ескере келе, AERC 2026 жылға инфляция болжамын 9,0%-дан 10,4%-ға дейін нашарлатты.
Өнеркәсіптік инфляция 12,5% деңгейінде сақталса, ЖІӨ-нің орташа жылдық дефляторы 13,1%-ды құрайды. Бұған дейін Ұлттық банк саулнамасына қатысқан сарапшылар 2026 жылдың соңында инфляция 10% болады деп пікір білдірген.
Бюджет-салық саласына келсек, салық реформасы аясындағы кірістердің артуы шығыстардың өсуін өтейді. Нәтижесінде, мемлекеттік бюджет дефициті бұрын болжанған 5,95 трлн тенгеден (ЖІӨ-нің -3,5%-ы) 4,10 трлн тенгеге (ЖІӨ-нің -2,3%-ы) дейін қысқарды.
Сарапшылар АҚШ долларының орташа жылдық бағамын 518,5 теңгеден 511,5 теңгеге дейін төмендетсе, рубль бағамын керісінше 6,1 теңгеден 6,3 теңгеге дейін нығайтты. Бұл өзгерістер жылдың алғашқы жартыжылдығындағы айырбас бағамының динамикасы мен көрші ел валютасын қолдайтын факторларға негізделген.