Тоқаев: Орталық Азия жаңа тарихындағы ең табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев өзара сенімнің нығаюы мен өңірлік ықпалдастықтың тереңдеуінің арқасында Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатқанын мәлімдеді.

Іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке Орталық Азия елдерінің «XXI ғасырдағы Орталық Азия: достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа» қосылғаны үшін алғыс айтты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құжаттың ережелерін іс жүзінде жүзеге асыруға көшуді ұсынып, осы мақсатта нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігін атап өтті.

«Осыған байланысты достық пен тату көршілікті одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты бекемдеуге бағытталған ұзақмерзімді өзара ықпалдастығымыздың анық бағдарлары көрсетілген іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және қабылдауды ұсынамын», – деді Тоқаев.

Әзербайжанның қосылуы – ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулеріне толыққанды қатысушы ретінде қосылуы осы форматтың дамуындағы жаңа кезең екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, бірлескен жұмыс:

  • саяси диалогты тереңдетуге және өңірішілік сауда көлемін арттыруға;
  • энергетика мен өнеркәсіпке инвестиция тартуды күшейтуге;
  • бірыңғай көлік-логистикалық жүйені қалыптастыруға;
  • бірлескен кәсіпорындар құруға, сондай-ақ гуманитарлық және білім беру саласындағы алмасуды дамытуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының пікірінше, мұның бәрі бауырлас халықтардың өзара байланысын нығайтып, Орталық Азия өңірінің халықаралық беделін арттырады.

Айта кетейік мемлекет басшысы Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуіне қатысу үшін Шолпан-Атаға барды.

Сондай-ақ оқыңыз