NCOC-қа салынған 2,3 трлн теңге айыппұлдың 397 миллиардын «ҚазМұнайГаз» төлей ме

Жарияланды 3 Тамыз 2026 11:26

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Айыппұлды төлей ме / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Экология министрлігі Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орнының операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясына 2,3 трлн теңге айыппұл салғаны белгілі. Оған компанияның күкіртті рұқсат етілген көлемнен артық сақтағаны себеп.

Қашаған – Shell, TotalEnergies, ExxonMobil, қытайлық CNPC, италиялық Eni, жапонның Inpex және отандық «ҚазМұнайГаз» компаниялары бірігіп игеріп жатқан еліміздегі ең ірі мұнай жобасы.

Үкімет концорциумға айыппұлды 2026 жылдың 20 шілдесіне дейін ерікті түрде төлеуге уақыт берген. Ал 21 шілдеде айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алу туралы атқарушылық іс қозғалды. Бұл туралы Әділет министрлігінің Kursiv.Media сауалына берген ресми жауабында жазылған.

«Оператордың 2 356 293 036 мың теңге сомасындағы әкімшілік айыппұлды ерікті түрде төлеу үшін көзделген мерзімнің өтуіне байланысты Атырау облысының сот орындаушысының 2026 жылғы 21 шілдедегі қаулысымен атқарушылық іс жүргізу қозғалды», – делінген жауапта.

ҚМГ қанша айыппұл төлеуі мүмкін

Бұл ретте «Қашаған» кен орны операторының 16,88% үлесі -«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі. ҚМГ ірі акцинердің бірі ретінде осы айыппұлдың бір бөлігін төлемек. Яғни КМГ төлеуі тиіс айыппұл көлемі шашамен 397 млрд теңгені құрайды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Солтүстік Каспий жобасына қатысу үлесі 16,88% мөлшерінде. Өндіріп алу «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады, – делінген жауапта.

Бұған дейін бірқатар БАҚ оператордың активтеріне шектеу қойылғанын хабарлаған. Алайда сот орындаушысының борышкердің мүлкі мен активтеріне қатысты қандай нақты шара қабылдап жатқаны белгісіз. Әділет министрлігі бұл туралы мәліметтер тікелей атқарушылық іс жүргізу материалдарына жатады деген себеппен, ашық айтпаған.

«Дауды қарау перспективаларын бағалау жөніндегі ақпарат, сондай-ақ төрелік талқылау шеңберінде Республика мүдделерін білдіруге байланысты шығыстар туралы ақпарат мемлекеттің мүдделеріне ықтимал зиян келтірілуіне, сондай-ақ заң консультанттарымен жасалған шарттардың құпия (конфиденциальность) сипатына байланысты жария етуге жатпайды», – делінген жауапта.

Ал консорциум басшылығы өз мәлімдемесінде салынған экологиялық айыппұлды да, оның негізінде жатқан айыптауларды да мүлдем мойындамайтынын ашық мәлімдеген. Сонымен қатар олар өз мүддесін заң аясында барынша қорғайтынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз