Резидентурадағы жаңа талаптар: жас дәрігерлер министрлік шешіміне наразы

Резидентураға үміткерлердің бірінің ата-анасы денсаулық сақтау министрлігі енгізген өзгерістеріне қатысты наразылығын білдірді.
Министрлік енгізген өзгеріс
Биылдан бастап резидентураға қабылдау туралы шешімді адам емес, автоматтандырылған рейтингтеу жүйесі қабылдайды. Министрлік жаңашылдық барлық түлекке тең жағдай жасап, білім беру гранттарын бөлуді барынша ашық етеді деп отыр.
Талапкер екі есе көбейді, ал грант саны өзгермеген
Алайда үміткер анасы бүгінде интернатураны аяқтап, резидентураға құжат тапсырып жатқан жас дәрігерлер тығырыққа тірелді деп санайды.
«Жауапты ведомство реформа енгізген екен, неге оның салдарын алдын ала ойластырмаған. Мәселе неде дейсіздер ғой. Түсіндірейін, бұрын интернатура 2 жыл болатын. Қазір 1 жылға қысқарды. Соның салдарынан биыл бұрынғы 7-курс пен жаңа 6-курс түлектері бір мезетте резидентураға түсіп жатыр. Яғни, талапкерлер екі есе көбейді. Олай болса, резидентурадағы орын саны соған сай неге қаралмайды», – деп күйінеді ол.
Бағалау жүйесі әділ емес
Наразылық тудырып отырған тағы бір мәселе – конкурстық баллдың құрамындағы GPA көрсеткіші.
«Еліміздегі әрбір медициналық университеттің бағалау жүйесі мен өзіндік академиялық саясаты әртүрлі. Олай болса, әртүрлі жоғары оқу орындарын бітірген түлектерді бір ғана орташа балл көрсеткішімен (GPA) ортақ рейтингке салып салыстыру қаншалықты әділ? Бұл мәселелердің барлығы интерндер құжат тапсырардан бұрын, алдын ала есептеліп, реттелуі тиіс еді», – дейді ол.
«Аяқ астынан болды» дейтін жағдай емес
Ата-ана интернатураның 1 жылға қысқаратыны да, қос лектің бір мезетте резидентура табалдырығын аттайтыны да Денсаулық сақтау министрлігіне бұрыннан белгілі болған ақпарат екенін айтады.