Министрлік Грекияда сотталған қазақстандыққа қатысты ақпарат таратты

Сыртқы істер министрлігі Грекияда 125 жылға сотталды делінген қазақстандық Рашид Қадыровқа қатысты ақпарат таратты.
Бұған дейін Ақтөбе тұрғыны Нұрхан Қадырова министрліктен Грекия түрмесінде отырған ұлы Рашид Қадыровқа көмек көрсетуді сұрады. Әйелдің айтуынша, 24 жастағы ұлы Түркиядағы жұмыс туралы Instagram-дағы хабарландыруға сеніп, халықаралық қылмыстық схеманың құрбаны болған.
Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматына қатысты жағдайдан хабардар екенін растады.
«Аталған азамат Грекия сотының шешімімен заңсыз мигранттарды тасымалдағаны үшін сотталды. Жергілікті заңнамаға сәйкес, бұл әрекет ауыр қылмыс санатына жатады. Грекиядағы қазақстандық дипломаттар өз құзыреті аясында азаматқа қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Бұл мәселе министрліктің бақылауында», – деп хабарлады СІМ.
Алайда министрлік шыққан үкімді өзгертуге қатысты ақпарат берген жоқ.