Атырау облысында әйелді үш жасар қызының көзінше өлтіріп кеткен

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Қылмыстық іс қозғалды/фото: shutterstock

Атырау облысында төрт баланың анасы, 42 жастағы әйел өз пәтерінде қаза тапты. КТК телеарнасының хабарлауынша, әйелмен бірге тұрған ер адам күдікті деп танылған. Әйелдің үш жасар қызы қылмыстың куәгері болған.

Қайғылы оқиға бесінші қабаттағы пәтерде болған. Көршілері сол күні ешқандай айғай-шу естімеген. Кешке 16 жастағы қызы анасының қан болып жатқанын көрген. Жанында үш жастағы бүлдіршін ұйықтап жатқан.

«Үлкен немерем анасына жақындай алмады. Ол небәрі 16 жаста. Кішкентай қыз алғашында мүлде үндемеді. Кейін «Әкем анамды пышақпен ұрды» деді. Ол оқиғаның қалай болғанын көрсетіп, полиция қызметкерлеріне де айтып берді: «Әкем анамды ұрды, анам айқайлады. Мен жыладым. Мен қатты жылай бастағанда, әкем қашып кетті», – деді Фатима Шмирова.

Күдікті – 38 жастағы ер адам. Ол 42 жастағы Алмагүл Шмировамен алты жыл азаматтық некеде тұрған. Әйелдің бұрынғы некесінен екі ересек қызы бар, олар бөлек тұрады. Ал екі кенже қызы анасымен бірге тұрған. 

Фатима Шмированың айтуынша, әйелдің денесінде 28 пышақ жарақаты болған.

Атырау облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулеттің айтуынша, тұрмыстық жанжал кезінде әйелді өлтірді деген күдікпен 38 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, кейінгі екі жылда 150 әйел күйеуінің не бірге тұратын ер адамның қолынан қаза тапқан.

Сондай-ақ оқыңыз