Кредитті мерзімінен бұрын жауып тастаса, айыппұл салына ма

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Кредитті ерте жапса, айыппұл арқалай ма / Фото: kursiv.media архиві

2025 жылы заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, жеке тұлғалар алған несиесінің бір бөлігін мерзімінен бұрын төлесе де, тіпті толық жауып тастаса да, ешқандай айыппұл немесе өтемақы төлемейді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, өзгеріс былтыр 31 тамыздан күшіне енген. Соған сәйкес, айыппұл немесе өсімпұл тек заңды тұлғаларға салынуы мүмкін.

«Жеке тұлғалар айыпақы төлемей кез келген уақытта кредитті толық немесе ішінара өтеуге құқылы. Бұл норма барлық қолданыстағы қарыз шартына, оның ішінде өзгерістер күшіне енгенге дейін жасалған шарттарға қолданылады», – делінген хабарламада,

Заң бойынша, банк немесе микроқаржы ұйымына қарызы бар адамдар кредитті толық төлеп, жауып тастай алады. Оған қоса қарыз көлемін азайту үшін артығымен ақша құя алады.

Егер кредит алған адам борышының бір бөлігін жапқысы келсе, қарыз шарттарын қайта есептеуде екі нұсқасы қарастырылады: ай сайынғы төлем мөлшерін сақтай отырып, кредит беру мерзімін қысқарту немесе шарттың бастапқы мерзімін сақтай отырып, ай сайынғы төлемді азайту.

Бұл ретте банктер мен микроқаржы ұйымдары мерзімінен бұрын өтеуге қатысты ішкі рәсімдерін белгілеуге құқылы. Оған өтініш беру тәртібі, оны қарау мерзімдерін, есептеу күндері жатады.

Кредитті бірден төлеп, жауып тастамас бұрын, банкке барып, несиені ерте жабу шарттарын бір нақтылап алған жөн.

Қазақстанда кепілсіз тұтынушылық несие беру соңғы алты жылдағы қарқынын баяулатты. Соңғы бірнеше жылда көрсеткіш жыл сайын орта есеппен 32%-ға өсіп келсе, 2025 жылы өсім 14,6%-ға дейін кеміді. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында несие портфелі бары-жоғы 3,1%-ға артты.

Сондай-ақ оқыңыз