Баласының көзінше ішімдік ішкен Жамбыл облысының тұрғынына айыппұл салынды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Жамбыл облысында кәмелетке толмаған баласының көзінше ішімдік ішкен тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Іс кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралған. Сот материалдарына сәйкес, Меркі ауданының тұрғыны өз үйінде кәмелетке толмаған ұлының көзінше алкогольдік ішімдік ішіп, баланың тәрбиесіне кері әсер еткен.

Осы дерек бойынша оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 1-бөлігі («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

Сот отырысында азамат кінәсін толық мойындаған. Оның кінәсі әкімшілік хаттамамен, тараптардың түсініктемелерімен және іс материалдарымен дәлелденген.

Аталған баптың санкциясы 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырады. Алайда сот құқық бұзушылықтың алғаш рет жасалғанын, кінәні мойындағанын, оң мінездемесін және жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлардың болмағанын ескеріп, айыппұл мөлшерін 30%-ға қысқартты. Сот қаулысымен азамат 7 АЕК, яғни 30 275 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кететін жайт, Өскеменде ішіп алып, рульге отырған 66 жастағы тұрғынның көлігі қарсы жолаққа шығып, соғылып, өртеніп кеткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз