Тоқаев көңіл айтты: ҰОС ардагері Иван Гапич қайтыс болды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманы Иван Гапичтің отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Иван Степанович майданға өз еркімен аттанып, байланысшы ретінде соғыстың соңына дейін қатысты. Елге оралған соң ұзақ жылдар бойы прокуратура органдарында мінсіз қызмет атқарды. Адамгершілік қағидаттарынан айнымайтын әрі өз ісінің нағыз маманы ретінде ол әріптестері мен көпшілік арасында зор абыройға ие болып, құрметке бөленді. Иван Степанович ғұмыр жолында жасампаз патриотизмнің, антқа адалдықтың және әділдік құндылықтарын берік ұстанудың жоғары үлгісін көрсетті. Оның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады», – делінген жеделхатта.
Бұған дейін Иван Гапичтің қайтыс болғаны туралы Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлаған болатын. Ардагер өмірінің 104-жылында дүниеден өтті.
Иван Степанович 1923 жылы Ақмола облысында дүниеге келген, Алматыда білім алған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Польшаны, Чехословакияны және Украинаны құтқару операцияларына қатысқан, Мәскеудегі аңызға айналған Жеңіс шеруінің қатысушысы болған.