«Қайрат» Болгарияда «Левскиге» есе жіберді

УЕФА Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңі аясында алматылық «Қайрат» сырт алаңда Болгарияның «Левски» клубымен алғашқы кездесуін өткізді. Тартысты өрбіген матч алаң иелерінің пайдасына 1:0 есебімен аяқталды.
Кездесудің бірінші таймында қос ұжым да абайлап, сақтықпен ойнады. Алғашқы 45 минутта есеп ашылмай, командалар үзіліске 0:0 есебімен тарасты.
Екінші таймда бапкерлер құрамға біршама өзгерістер енгізіп, ойын өрнегін ширата түсті. Бірақ ойындағы жалғыз гол кездесудің ең соңғы минуттарында салынды. 90+2′ минутта «Левски» жартылай қорғаушысы Суланың асырған пасын Сержиньо тиімді пайдаланып, алматылықтар қақпасына соңғы минутта гол соғып кетті (1:0).
Соңғы секундтарда жіберіп алған голға қарамастан, «Қайраттың» бұл кезеңнен өтуге әлі де толық мүмкіндігі бар. Қос ұжым енді бір аптадан кейін 11 тамыз күні Түркістанда кездеседі. Ойынның билеттері 5 тамыз күні сатылымға шығады.