Ақтауда балаларға тегін балмұздақ таратқан кәсіпкерге айыппұл салынды

Ақтауда балаларға тегін балмұздақ пен йогурт таратқан кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Kazinform ақпаратына қарағанда, оқиға 1 тамызда 14-шағынаудандағы коммерциялық нысандардың бірінде болған.
Әкімдіктің мәліметінше, сауда орнының ашылуына орай кәсіпкер балаларға 50 порция балмұздақ пен 30 дана йогуртты тегін таратқан. Алайда мұндай акцияларды өткізер алдында жергілікті атқарушы органнан тиісті рұқсат алу қажет болған.
Рұқсат алынбағандықтан, кәсіпкерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Ақтау әкімдігі мұндай әлеуметтік бастамаларға қарсылық білдірмейтінін, алайда тегін өнім тарату қолданыстағы заңнама талаптарына сай ұйымдастырылуы тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ әкімдік мұндай іс-шараларды өткізер алдында міндетті түрде рұқсат рәсімдеп, адамдардың жаппай жиналуы түрлі келеңсіз жағдайларға әкелуі мүмкін екенін ескеріп, қауіпсіз әрі заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру қажет екенін ескертті.
Айта кететін жайт, түйе сүтінен жасалған балмұздақ «Қазақ қызы» брендімен танылған еді.