«Самұрық-Қазына» қор нарығына қанша компания шығарды

«Самұрық-Қазына» Қазақстандағы мұнай-газ, энергетика, көлік, телекоммуникация және атом өнеркәсібіндегі ең ірі компанияларды басқарады. Қордың қазіргі саясаты стратегиялық кәсіпорындарды толығымен сатып жіберу емес, олардың акцияларының белгілі бір бөлігін IPO және SPO арқылы жеке инвесторларға ұсынуға негізделген.
Қор нарығында неше компания бар?
2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша «Самұрық-Қазынаға» тікелей қарайтын бес ірі портфельдік компанияның акциялары биржада саудаланады. Олар:«Қазақтелеком», KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» және Air Astana.
Осы бес компанияның барлығы KASE-дегі акциялар тізіміне енгізілген. Олардың ішінде KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» және Air Astana акциялары мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту бағдарламалары аясында кезең-кезеңімен нарыққа шығарылды. «Қазақтелеком» акциялары KASE-де 1997 жылдан бері саудаланады.

Ал «Самұрық-Қазына» компаниялар тобындағы жанама еншілес кәсіпорындарды да есептесек, биржадағы компаниялар саны жетіге жетеді. Себебі KASE-де «ҚазМұнайГаздың» 90%-ы тиесілі «ҚазТрансОйл» және «Қазақтелеком» 51%-ын иеленетін Kcell акциялары да саудаланады.
IPO арқылы қанша қаражат тартылды?
Қордың ең ірі орналастыруларының бірі – «ҚазМұнайГаздың» 2022 жылғы IPO-сы. Сол кезде компания акцияларының шамамен 3%-ы инвесторларға ұсынылып, орналастыру көлемі 153,8 млрд теңгені құрады. Акция сатып алуға 129 мыңнан астам өтінім берілген, олардың басым бөлігі Қазақстан азаматтарынан түскен.
2024 жылы Air Astana акциялары Қазақстан және Лондон биржаларына шығарылды. Орналастыру кезінде жалпы 370 млн доллар тартылып, IPO-дан кейін «Самұрық-Қазынаның» әуе компаниясындағы үлесі 51%-дан 41%-ға дейін төмендеді. Яғни қор бақылаушы акционер мәртебесінен айырылғанымен, компаниядағы ең ірі акционер болып қалды.
«Қазатомөнеркәсіп» халықаралық IPO-ға 2018 жылы шықты. Компанияның акциялары мен депозитарлық қолхаттары Астана халықаралық биржасында және Лондон қор биржасында орналастырылды. Кейін акциялардың бір бөлігі қосымша сатылып, еркін айналымдағы үлес ұлғайтылды.
Жекешелендіру жалғасады
«Самұрық-Қазынаның» 2026–2030 жылдарға арналған жаңа оңтайландыру жоспарына 19 актив енгізілген. Қазіргі кезде бір актив сатылып, қалған 18 активті бәсекелестік ортаға беру немесе тарату жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде бес ірі активті IPO немесе ашық екі кезеңді конкурс арқылы өткізу, тоғыз активті басқа тәсілдермен сату және төрт активті тарату қарастырылған.
Келесі ірі орналастыру «Қазақстан темір жолы» болуы мүмкін. Қор мен компания ҚТЖ IPO-сын 2026 жылы өткізу мақсатын сақтап отыр. Жоспар бойынша акциялар Қазақстандағы биржамен қатар Лондон және Гонконг алаңдарына шығарылуы мүмкін. Бұл ретте жаңа акциялар шығарылып, тартылған қаражат қордың бюджетіне емес, ҚТЖ-ның өзінде қалмақ. Оны компания қарыздарын азайтуға, теміржол инфрақұрылымын жаңартуға және вагондар мен локомотивтер паркін толықтыруға жұмсауды жоспарлап отыр.