Тоқаев «Бәйтерек» холдингінің басшысын қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады.
Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев холдингтің жұмысы мен алдағы даму жоспарымен танысты.
Қарағойшиннің айтуынша, холдингтің инвестициялық және кредиттік портфелі – қазір 14,3 трлн теңге. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 16,5 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланған. Жыл сайынғы таза пайда 400 млрд теңгеден асады деген болжам бар.
«Бәйтерек» қолдауы
2025 жылдың қорытындысы бойынша «Бәйтеректің» қолдауымен 77,5 мың отбасы баспаналы болған. Оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған 11,6 мың отбасы бар.
Бұдан бөлек, өткен жылы холдинг 77 ірі инвестициялық жобаны және шағын және орта бизнеске арналған 27,4 мың жобаны қаржыландырған. Сондай-ақ экспортқа өнім шығаратын 131 кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, 7,2 мың ауыл шаруашылығы құрылымы көктемгі егіс жұмыстарына қажет 11,4 мың техниканы лизингке алған.
Ұзақмерзімді стратегиясы
Кездесу барысында холдингтің жаңа ұзақмерзімді даму стратегиясы да таныстырылды. Жаңа модель активтерді тиімді басқаруға, бизнесті қолдауға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған проактивті инвестициялық холдинг қағидатына негізделмек.
Жыл соңына дейін Инвестициялық кеңестің қарауына импортты алмастыру, экспортты ұлғайту және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 26 инвестициялық жобаны ұсыну жоспарланып отыр.
Президент тапсырмасы
Кездесу соңында Президент экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін ұзақмерзімді инвестиция тартудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін күшейтіп, халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруды тапсырды.
Мұның алдында Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманы Иван Гапичтің отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын.