Каспий теңізі түбіне оптикалық кабель төсеу аяқталды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Бағдат Мусиннің телеграм парақшасынан

Каспий теңізінің түбіне оптикалық кабель тарту жобасының ең маңызды кезеңі аяқталды. Әзербайжаннан басталған желі Қазақстан жағалауына жетті. Бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлімдеді.

«AzerTelecom International-дағы әріптестерімізбен бірге Каспий түбіне кабель орналастыруды аяқтадық. Ақтау – Сумгаит бағыты – бұл Азия мен Еуропаны жалғайтын, сигнал кідірісі барынша аз болатын тікелей жоғары жылдамдықты көпір. Бұл жоба біздің ұжымның кез келген күрделі инфрақұрылымдық жобаларды өте қысқа мерзімде сапалы атқара алатынын тағы бір дәлелдеді», – деп жазды ол телеграм парақшасына.

Бағда Мусин жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев және AzerTelecom International бас директоры Ана Накашидземен бірге кабель төсетін кемеге мініп, жұмыстың нәтижесімен танысты.

Мусиннің жазуынша, күзде құрылысты толық аяқтап, құрылғыларды баптауды және сынақ жұмыстарын жүргізбек. Жоба мемлекет қаражатынсыз, «Қазақтелеком» мен «AzerTelecom» компанияларының өз қаражаты есебінен теңдей қаржыландырылады.

Каспий теңізі түбімен талшықты-оптикалық кабель төсеу жөніндегі стратегиялық жоба 2025 жылы іске қосылған. Жоба жылдамдықты интернет және деректер алмасу арнасын құрып, энергия жүйелерін жүйеаралық біріктіру үшін қажет. Суасты байланыс желісінің ұзындығы – 380 шақырым.

Жыл басында өткен үкімет отырысында Мәдиев кабель төсеу осы жылы аяқталады деп уәде берген.

Сондай-ақ оқыңыз