Алматыда құтқарушылар 3,5 мың метр биіктіктен ресейліктерді эвакуациялады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Алматыда құтқарушылар 3,5 мың метр биіктіктен ресейліктерді эвакуациялады / Фото: Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Алматы облысының таулы аймағында жарақат алған Ресей Федерациясының екі азаматына шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, қауіпсіз жерге жеткізілді. Құтқару операциясын Қазақстан ТЖМ күштері сәтті жүргізді.

Оқиға 5 тамыз күні Талғар ауданында болған. Теңіз деңгейінен 3510 метр биіктікте орналасқан «Қазселденқорғау» мекемесінің «Тоғызақ» гидробекетіне 8 адамнан тұратын туристер тобы келіп, көмек сұраған. Бес қаруы сай жорыққа шыққанымен, таулы аймақта екі шетелдік жарақат алған:

  • 25 жастағы бойжеткен: Арнайы қорғаныс каскасын кигеніне қарамастан, құлаған тас тиіп, басынан жарақат алған.
  • 32 жастағы ер адам: Құлап түсіп, қолын зақымдаған (алдын ала болжам бойынша — соғылған немесе сынған).

Хабарлама түскен бойда қолайсыз ауа райы: қалың тұман, жауын-шашын және биіктік шектеулері салдарынан тікұшақ көтеру мүмкін болмады. Осыған байланысты «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары зардап шеккендерге қарай сол жақ Талғар шатқалы арқылы жаяу сапарға шықты.

Түнделетіп жүріп таңға жуық гидробекетке жеткен құтқарушылар алғашқы көмек көрсетті. Түске қарай ауа райы реттеліп, зардап шеккендер «Қазавиақұтқару» тікұшағымен «Медеу» алаңына эвакуацияланды.

Оқиға орнында ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасы туристерді қабылдап алып, әрі қарай толық тексеру мен емдеу үшін қаладағы ауруханаға жеткізді. Қазіргі уақытта шетелдік туристердің өміріне төніп тұрған қауіп жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз