Атырауда бір жастағы ұл бала балабақшада қатыгездік көрген

Атырау қаласының тұрғыны қаладағы жекеменшік балабақшалардың бірінде бір жастағы ұлына қатыгездік көрсетілгенін мәлімдеді.
Halyqstan ақпаратына қарағанда, оның полицияға жүгінуіне баласының денесінен анықталған жарақаттар мен бейнебақылау камераларындағы жазбалар себеп болған.
Ананың сөзінше, бейнежазбаларда тәрбиешілердің сәбиге дөрекі қарым-қатынас жасағаны көрінеді. Оны қолынан жұлқылап, жерге лақтырып, қараусыз қалдырған.
Әйелдің айтуынша, баласы балабақшадан үйіне аш қайтқан. Жылап, қорыққаны байқалған. Анасының сөзінше, оның денесінде қолтық тұсында ісіну, тістелген іздер, құлағындағы сызаттар және басқа да жарақаттар болған.
Атырау облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Осы құқық бұзушылыққа қатысы бар барлық тұлғалар полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция департаменті.
Айта кететін жайт, Ақтауда ерекше баланың денесі балабақшадан көгеріп келген еді.