Солтүстік Кореяда аптап ыстықта ит етінен пісірілген сорпа ішуді ұсынды

Корей Халық Демократиялық Республикасының мемлекеттік баспасөзі аптап ыстықта иттің етінінен пісірілген сорпа ішу туралы кеңес беріп, көсем Ким Чен Ын халықпен бірге екенін жазды. Корей түбегінде дүйсенбі күні ауа температурасы 36,7 градусқа дейін көтерілді.
Корейлер жаздың ыстық күндерін «иттің жазғы күндері» деп атайды. КХДР мемлекеттік баспасөзі иттің етінен пісірілген сорпаны адамдарды аптап ыстықтан сақтау жолы ретінде дәріптеді.
Билік басындағы «Родонг Синмун» газетінде 2 тамызда жарияланған мақалада Пхеньян орталық ауруханасы дәрігерінің кеңестері берілген. Ол ыстықта пайдалы тағамдар ретінде ит етінен дайындалған сорпа, қарбыз, қияр, балық ботқасын атаған.
Reuters мәліметінше, партия газеті ит етінен әзірленетін сорпаға жеке мақала арнады. Оны дәстүрлі жазғы тағам деп сипаттады. «Жаздың ең ыстық күндері ит етінен пісірілген сорпаны аяғыңызға төгіп алсаңыз, соның да шипасы тиеді» деген мақалды мысал ретінде келтірді. Басылым биыл ит етінен әзірленетін тағамдардың ұлттық байқауы өткенін тілге тиек етті.
Сонымен бірге мемлекеттік басылым Солтүстік Корея көсемі Ким Чен Ынның аптап ыстықта аянбай еңбек етіп жүргені туралы жазды.
Бұл уақытта Оңтүстік Корея билігі шыжыған ыстықтан елде жиырма шақты адам қайтыс болғанын хабарлаған. Пхеньян мұндай мәлімет таратпады.
Биыл Қазақстанда да күн ыстық. Демалыс күндері ауа температурасы 41 градусқа дейін көтерілетінін ескертті.