Comic Con Astana 2026-ның алғашқы күні: Ең ерекше әрі жарқын образдар (фото)

Жарияланды 7 Тамыз 2026 11:34

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Коллаж: kursiv.media

Астанада Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениетке арналған ең ірі фестиваль Comic Con Astana 2026 шымылдығын түріп, алғашқы күннен-ақ мыңдаған конаққа ұмытылмас әсер сыйлады. 6–9 тамыз аралығында Barys Arena мен «Алау» мұз сарайында өтіп жатқан шараның ең басты көрікті сәттерінің бірі халықаралық косплей байқауы болды.

Жүлде қоры 20 млн теңгені құрайтын байқауда қатысушылар өздерінің шеберліктері мен креативті идеяларын ортаға салып, экрандағы сүйікті кейіпкерлерін сахнада тірілтті. Фестивальдің алғашқы күнінде таңғалдырған ең ерекше образдар топтамасын ұсынамыз.

Ностальгия мен стилдің тоғысуы: Totally Spies!

Балалық шақтың сүйікті мультсериалы «Totally Spies» қаһармандары Сэм, Кловер және Алекс кейпіндегі косплеерлер триосы сахнаның сәнін келтірді. Жасыл, сары және қызыл түсті латексті костюмдер, сәйкестендірілген көзілдіріктер мен арнайы тыңшылық гаджеттер көрермендерге ерекше ностальгия әсерін сыйлады.

фото: Руслан Фетистов, Comic Con Astana баспасөз қызметі

Кино және ғарыш аңыздары

Голливудтық блокбастер деңгейінде дайындалған Жыртқыш (Хищник) образы фестивальдің нағыз көзайымына айналды. Костюмнің әрбір бөлшегі маскасы, иық қаруы, сауыты мен мата құрылымы өте жоғары дәлдікпен жасалған. Оның сахнадағы «Бөтен» ескерткішімен қойылымы көрермендерді ғылыми-фантастикалық экшн әлеміне жетеледі.

фото: Руслан Фетистов, Comic Con Astana баспасөз қызметі

Креативті арт-косплей: Мемдер мен мистика тоғысы

Қайталанбас кейіпте шыққан образдар косплей өнерінің шекарасыз екенін дәлелдеді. Жіптермен оралған маска, қасықтардан құралған әшекейлер мен ерекше грим қараңғы фэнтези жанрының ең қорқынышты әрі қызықты кейіпкерлерін еске түсіреді.

«Аватар: Аанг туралы аңыз» – Зуко

Әйгілі «Аватар: Аанг туралы аңыз» мультфильмдегі от халқының ханзадасы Зуконың образы да көрермен көңілінен шықты. Бетіндегі аңызға айналған тыртығы, шығыс стиліндегі қызыл-қара шапаны және қолдарындағы сары-қызыл ленталары арқылы косплеер кейіпкердің ішкі динамикасы мен от стихиясын өте дәл жеткізе білді.

Ұлттық нақыштағы кейіпкерлер

Comic Con Astana фестивалінің ерекшелігі қазақстандық авторлар мен косплеерлердің ұлттық элементтерді поп-мәдениетпен тоғыстыруы. Басындағы дәстүрлі азиялық бас киімі, ою-өрнекті көк-қоңыр сауыты мен ұзын найзасы бар бұл образ Шығыс пен заманауи фэнтезидің керемет синтезіне айналды.

Дарья Семак / Comic Con Astana.

Косплей (Cosplay) – сүйікті кейіпкеріңнің образын шынайы өмірде сомдау, яғни «кейіпкерге айналу өнері». Бұл сөз ағылшынның екі сөзінен құралған: costume (костюм) және play (ойнау).

Қарапайым тілмен айтқанда, адам фильдегі, анимедегі, комикстегі немесе компьютерлік ойындағы кейіпкердің костюмін киіп қана қоймайды, оның мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, дауысын және әрекетін дәл өзіндей етіп сахнада немесе өмірде көрсетуге тырысады.

Көптеген косплеерлер костюмді, қару-жарақты, масканы өз қолдарымен тігіп, жасап шығады. Оған қоса, кейіпкерге ұқсау үшін арнайы грим (парик, линза, макияж) қолданады.

Бұл бүкіл әлемде танымал хобби әрі үлкен өнер түрі. Comic Con сияқты халықаралық фестивальдерде косплеерлер арасында жүлде қоры үлкен арнайы байқаулар өтеді.

Оқи отырыңыз: «Соңғы үш жылда мұнша ет жемеген шығармын»: Джейме Ланнистер Астанаға келді.

Сондай-ақ оқыңыз