Фельдшер Ұлдананың экс-жолдасы хейтерлерін сотқа беретінін айтты

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Youtube видеодан скрин

Былтыр қайтыс болған фельдшер Ұлдананың экс-жолдасы мен оның анасы көпшілік алдына шығып, сұхбат берді. Видео «Қазақстан халық партиясы» ютуб арнасына жарияланған.

Мәселенің мән-жайы

30 шілдеде фельдшер Ұлдананың бұрынғы жолдасы екінші рет отбасы құратыны белгілі болды. Бұрынғы әйелінің қазасына жыл өтпей жатып, Әділет Зейнел қайта үйленіп, қалыңдығы ұзату той жасаған. Бірақ көпшілік бұл әрекетін сынға алып, тым асығыс әрекет жасады деп айыптады. Бұған Ұлдананың туыстары да реніш білдірді. Фельдшердің анасы Сәлима Ершанкүлқызы Әділет те, оның отбасы да алдынан өтпегенін айтты.

Сұхбатында Әділет пен анасы болған жағдайға қатысты басқаша түсініктеме берді.

«Қазіргі әйелім маған жаңа өмір сыйлады»

Әділеттің сөзінше, қазіргі келіншегі де медицина саласында жұмыс істейді. Олар Ұлданамен бірге бір мекемеде жұмыс істеген, бірақ желіде жазғандай құрбы болмаған. Келіншегімен осы жылдың көктемінен бастап тығыз арала бастаған көрінеді.

«Біз сәуірдің соңы, мамырдың басында араласа бастадық. Ол Ұлдананың құрбысы болмаған. Бірге істеген екі жылда тек бір рет қана кезекшілікке бірге түсті, тек таныс еді… Қазір менің күлгенім, өмір сүріп жүргенім әуелі Алла мен анамның және келіншегімнің арқасы. Ол жаңа өмір сыйлады, өмірге деген құлшыныс пайда болды», – дейді.

Әділет Ұлдананы «тез ұмытты, қайғысы жалған» деген сөзге де жауап қайтарды. Айтуынша, өткен жылдың қарашасынан кейін ( Ұлдана қазасы – ред.) ол жұмысын тастап, үйінде жатып қалған. Достарымен, жақындарымен араласуды қойып, бар уақытын төрт қабырғада өткізген. Осылай төрт ай жалғасады. Наурызда анасының сөзінен кейін өз-өзіне келіп, жаңа жұмысқа орналасады. Мамырда қалыңдығымен сөйлесе бастап, шілдеде үйлену туралы шешім қабылдайды.

«Мен бұл хейтке үйрендім, тек отбасым үшін алаңдаймын. Осының бәрін көтеріп жүрген анама, әйеліме жаным ашиды. Әр адамның жеке шекарасы бар, одан өтуге болмайды. Келіншегімнің намысын таптап, оған қатысты жалған сөз болғанын қаламаймын», – дейді жас жігіт.

«Сотқа арыз жазамыз»

Сұхбатта Әділеттің анасы да пікір білдірді. Ол бұрынғы келінін еш ұмытпағанын, әрдайым еске алатынын, оның қазасы ауыр тигенін атап өтті. Дегенмен желідегі хейт үлкен болды, өте ауыр сөздерді оқу оңай емес дейді.

«Қазір біз желідегі барлық пікірлерді скриндадық. Балаларыма қатысты айтылған өте ауыр айыптауларды жинап, сотқа арыз береміз. Мұны жәй қалдырмаймын. Ешкімнің айыптауға құқысы жоқ. Иә, адамбыз, қателесеміз, бірақ мұндай жағдайға дейін жеткізуге болмайды. Осы сұхбаттан кейін бізге де қандай ауыр болғанын, жақын адамнан айырылудың оңай емес екенін түсінсек дейміз. Әділет енді есін жиып жатқанда, тағы да хейт басталды. Балаларым заңға қарсы ешнәрсе істеген жоқ, әркімнің өмір сүруге құқығы бар… Әділет сатқын емес», – деді ол.

Осы жылы 18 қарашада Ұлдананың қайтыс болғанына бір жыл толады. Әділеттің сөзінше, сол күні туыстарымен жиналып, құран оқытып, ас береді. Бірақ ол жиынға Ұлдананың ата-анасы қатыспауы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз