Үкімет кімге қарыз: 76 млрд доллардың құрылымы

2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Үкіметінің борышы 75,8 млрд долларды құрады. Жыл басында бұл көрсеткіш шамамен 69,3 млрд доллар болған. Яғни алты айда борыш 9%-дан астам өскен.
Қарыздың негізгі бөлігі – ішкі борыш. Оның көлемі 58,6 млрд доллар, ал сыртқы борыш 17,2 млрд доллар болды. Демек Үкімет борышының шамамен 77%-ы ішкі нарыққа тиесілі.
Сыртқы борыш құрылымында бір маңызды өзгеріс бар. 1 шілдеде Панда-облигациялар бойынша 500,5 млн доллар қарыз пайда болды. Жыл басындағы кестеде мұндай міндеттеме болмаған. Бұл Қазақстанның Қытайдың ішкі капитал нарығын да қарыз тарту көзі ретінде пайдалана бастағанын көрсетеді.
Сыртқы борыштың ең үлкен бөлігі бұрынғыдай еурооблигацияларға – 9,9 млрд доллар тиесілі. Халықаралық Қайта құру және Даму Банкі алдындағы борыш 3,4 млрд доллар, Азия Даму Банкіне – 1,3 млрд доллар.
Жалпы алғанда, биыл Үкімет борышының өсуіне негізінен ішкі мемлекеттік бағалы қағаздардың көбеюі әсер еткен. Ал сыртқы борыш көлемі айтарлықтай өспесе де, оның құрылымында Панда-облигациялар сияқты жаңа құралдар пайда болды.