Шиеліде заңсыз алтын өндіргендер ұсталды

Жарияланды
Қазақ редакциясының шеф-редакторы
Шиеліде заңсыз алтын өндіргендер ұсталды
Шиеліде заңсыз алтын өндірген/фото: ҚМА оперативтік видеосынан скриншот

Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысы Шиелі ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатқанын хабарлады. Ұстау операциясы прокуратура және ҰҚК департаментімен бірлесіп ұйымдастырылған.

Тергеу дерегінше, Жаманкөл шатқалында күрделі өндірістік өңдеуді қажет етпейтін табиғи алтын өндірілген.

Агенттік топ мүшелерінің міндеттері өзара нақты бөлінгенін айтады. Біреулері алтын іздеушілерді тартып, өндіру жұмысын ұйымдастырса, енді біреулері тасымалдау мен сатуға жауапты болған. Тағы бір бөлігі қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.

«Заңсыз әрекетті жасыру үшін аумақтың айналасына бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар маңайды торуылдаған. Олар бөгде адамдардың немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің келгенін алдын ала ескертіп отырған.

Тергеу амалдарына сай, өндірілген алтын сату үшін Алматы қаласына жеткізіліп, одан түскен ақша топ мүшелерінің арасында бөлінген«, делінген хабарламада.

 Тінту барысында құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, 2 арнайы техника, 12 металл іздегіш және 6 автокөлік тәркіленген.

Сондай-ақ 2 пневматикалық тапанша мен тегіс ұңғылы мылтық табылып, 13 адам қамауға алынған.

Бұған дейін, Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері халықаралық іздеуге жүрген блогер Қайсар Қамзаны Вьетнамнан елге жеткізген.

Сондай-ақ оқыңыз