Астаналық 16 жастағы оқушы 4 айда SAT емтиханынан ең жоғары нәтиже көрсетті

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Нұрқанатың жеке архивінен

Астаналық 10-сынып оқушысы Нұрқанат Әли халықаралық SAT емтиханынан ең жоғары 1600 балл жинады. Ол 4 ай ішінде көрсеткішін 1310 балдан максималды нәтижеге дейін көтерген. Бұдан бөлек, маусым айында IELTS емтиханынан 7,5 балл алды.

SAT – АҚШ-тың және әлемдегі көптеген беделді университеттерге бакалавриатқа оқуға түсу үшін тапсырылатын халықаралық стандартталған тест. Оны Американың College Board ұйымы ұйымдастырады. Емтихан талапкердің мектепте алған білімін, логикалық ойлауын және университетке дайындығын бағалайды.

Нұрқанаттың қазіргі SAT нәтижесі оған Нью-Йорк университеті мен басқа да шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге және грант бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік береді.

«Нәтиже келгенде қатты таңғалдым. Бұл емтиханды сынақ ретінде тапсырғандықтан, ол туралы ешкімге дерлік айтпадым. Тек мұғалімім мен қарындасым ғана білді. Нәтижені де қарындасыммен бірге аштым. Сайт төрт сағатқа жуық жүктелді. Экранда 1600 балл шыққан кезде, қарындасым қуанып, мені құттықтай бастады. Мені емтиханға дайындаған Сұлтан аға да алғашында нәтижеге сенбеді. Ол менің 1500-ден жоғары балл жинайтынымды күткен, бірақ 1600 болады деп ойламаған. Бұған дейін көп нәрсе ойдағыдай бола бермейтін. Әлем чемпионатында бірінші орын ала алмадым. НЗМ-ге де түспедім. Ал бұл жолы рекорд орнаттым. Осы нәтиже маған үлкен шабыт берді», – дейді Нұрқанат Әли.

Нұрқанат 16 жаста, отбасындағы алты баланың үлкені. Ол спортпен де айналысады. Бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплингтен Қазақстанның үш дүркін чемпионы және әлем чемпионатының жүлдегері. Дайындыққа Smartest Prep орталығының мұғалімдері көмектескен. Оқушы алған білімін IT саласына, жеке стартабын ашуға және Қазақстандағы интернетке қолжетімділік мәселесін шешуге жұмсауды жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз: ҰБТ-дан 140 балл жинаған Нұрғанат Қанат талапкерлерге кеңес берді

Сондай-ақ оқыңыз