Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры ауысты

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры болып Мұратжан Мұсайбеков тағайындалды. Тиісті шешім кәсіпорын қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданды.
Ол бұл қызметте Қуаныш Бишимовтың орнына келді. Жаңа бас директорды кәсіпорын ұжымына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов таныстырды.
Ал «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен 2025 жылдың сәуір айынан бастап зауытты басқарған бұрынғы бас директор Қуаныш Бишимовтың өкілеттігі тоқтатылды.
Мұратжан Мұсайбеков «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жүйесінде әртүрлі лауазымдарды атқарған. ҚМГ Мұнай-газ өңдеу және мұнай-химия жобаларын іске асыру жөніндегі директоры, мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директоры, «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» АҚ бас директорының орынбасары, «KPI Inc.» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметтерінде, сондай-ақ басқа да мемлекеттік және жеке құрылымдарда еңбек еткен.
Бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылғаны хабарланған еді. Өндіріс орны шамамен жарты ай бойы жұмыс істемейді.