Ақтауда пәтеріне балкон арқылы кірмек болған ер адам 12-қабаттан құлап кетті

Ақтауда көпқабатты тұрғын үйдің 12-қабатынан құлап қаза тапқан ер адамның өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Lada.kz мәліметінше, марқұм бұған дейін Маңғыстау облысындағы аудандардың бірінде бас прокурор қызметін атқарған. 2025 жылы зейнетке шыққан екен.
Оқиға туралы ақпарат тамыз айының басында белгілі болды. Ал қайғылы жағдай 25 шілде күні таңертең Ақтаудағы 19А шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам 12-қабаттағы пәтерге балкон арқылы кірмек болған кезде биіктен құлап кеткен. Ауыр жарақат алған ол оқиға орнында көз жұмған.
Маңғыстау облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Ал Алматыда бесінші қабаттан құлаған төрт жастағы бала аман қалған еді.