Педагогтер мен инженерлер: ең көп грант кімге бұйырды

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлеуметтік желіде 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттары конкурсының қорытындысын шығарды.
Оның мәліметінше, бакалавриат бағдарламаларына 75 мыңнан астам грант бөлінген, бұл ретте талапкерлерден 127 041 өтініш түскен.
Ең көп грантты инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларының болашақ мамандары алды – 16 674. Екінші орында – 12 228 грантпен педагогикалық ғылымдар, үшінші орында – 10 387 грант бөлінген ақпараттық-коммуникациялық технологиялар. Тағы 9 188 грант жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағыттары бойынша қарастырылған.
Ғылым министрлігі атап өткендей, жалпы Қазақстанда мемлекеттік білім беру тапсырысы 98%-ға игерілген.
«Бұл еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, мемлекеттік гранттардың тиімді бөлінгенін және талапкерлердің ең сұранысқа ие білім беру бағдарламаларына жоғары қызығушылығын білдіреді», – деп жазды Саясат Нұрбек.
Бұдан бөлек, «Серпін» бағдарламасы бойынша 2 180 грант, батыс өңірлерінің жастары үшін – 2 500 грант бөлінді. Тағы 3 190 грант Қазақстанда ашылған шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында білім алу үшін қарастырылған.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 7 тамызда Қазақстанда 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Талапкерлер конкурс нәтижелерін ведомствоның ресми ресурстарынан тексере алады.