Атышулы каннибал Николай Жұмағалиев жұртты тағы дүрліктірді

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Атышулы каннибал Николай Жұмағалиев жатқан клиниканы министрлік тексереді
Жұмағалиев жұртты тағы дүрліктірді / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Денсаулық сақтау министрлігі Ақтас кентіндегі психиатриялық аурухананы тексерді. Мұнда атышулы каннибал Николай Жұмағалиев жатыр. Бұған дейін желіде клиника қызметкерлері науқастарға «қысым көрсетеді» деген мазмұндағы мәліметтер тараған.

Фейк

Министрлік мәліметінше, ауруханада пациенттерге физикалық шектеу шараларын қолдану, ықпал ету шарасы ретінде дәрі пайдалану, олардың ар-намысына тиетін өзге де әрекеттер жасау туралы ақпарат расталған жоқ. Ресми тексеру қорытындысы осындай.

Науқас құқығы бұзылды деген мәлімет Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған. Министрлік оның шамамен жиырма жыл бұрынғы ескі ақпарат деп отыр.

«Жарияланым авторы өзінің жеке естеліктеріне сілтеме жасайды және оның айтуынша, аталған оқиғалар 2008 жылы медициналық ұйымның 7, 10 және 12-бөлімшелерінде болған. Бұл ретте автордың дербес деректері көрсетілмеген, ал сипатталған оқиғалар шамамен 18 жыл бұрынғы кезеңге жатады», – делінген мекеме мәліметінде.

Осылайша, министрлік желіде тараған ақпараттарды «фейк» деп танып, көрінеу жалған мәліметтерді таратқандар үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Естеріңізге сала кетейік, шілде айында әлеуметтік желілерде Жұмағалиевке қатты ұқсайтын бір адамның бейнежазбасы тараған. Видео авторы министр Ақмарал Әлназароваға шағымданып, клиникада тәртіп пен жағдай жоқтығына шағымданған. 29 шілдеде министрлік басшысының осы аурухананы тексеруді тапсырғаны мәлім болған.

Жұмағалиев кім?

Николай Жұмағалиев (лақап аты — «Темір азу») – КСРО және Қазақстан тарихындағы ең қатыгез сериялы кісі өлтіруші әрі каннибал. Ол 1979–1990 жылдар аралығында кем дегенде 10 әйелді айуандықпен өлтіріп, етін жегені үшін кінәлі деп танылған.

Ол алғаш рет 1980 жылы өз үйінде кезекті құрбанының денесін бөлшектеп жатқан жерінде кездейсоқ ұсталды. Сот-психиатриялық сараптама оған «шизофрения» диагнозын қойып, есі ауысқан деп жариялады. Соған байланысты түрме жазасы мәжбүрлі түрде емдеуге ауыстырылды.

1989 жылы Жұмағалиев арнайы емханадан қашып кетіп, тағы бір жыл бойы жасырынып жүріп қылмыс жасады. Ол 1991 жылғы қаңтарда Ферғана алқабында ұсталып, содан бері Алматы облысына қарасты Ақтас ауылындағы қатаң психиатриялық ауруханада жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз