Қайсар Қамзаны казино жарнамасына тартқан: өзбек блогері ісінің мән-жайы

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: инстаграм желісінен

Қаржылық мониторинг агенттігі Өзбекстан азаматы, «Маха.dxb» лақап атымен танымал блогер Махмуд Умидович Хикматовқа халықаралық іздеу жариялады. Cот санкциясымен 26 жастағы блогер ұсталған кезде бірден қамауға алынуы керек.

Махмуд Хикматов «SultanGames», «PINCO», «Nomadcasino», «Pin-Up», «Vavada» және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалап, насихаттады деген күдікке ілінді.

Қазақстан аумағында интернет-казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасайтын тұрақты жүйе құрылған. Ол жүйе арқылы заңсыз ойын сайттарының интерфейсі жасалып, ойыншылардан ақша қабылдау және ұтысты төлеу механизмі жолға қойылған. Олар қаржы аударымдарын банк эквайрингі, мобильді төлемдер мен криптовалюта арқылы жүзеге асырып отырған.

Ал интернет-казиноларды жарнамалап, көбірек адам тарту үшін ұйымдастырушылар өзбек блогерін Хикматовты тартқан. Ол Қазақстаннан инфлюенсерлер тауып, солар арқылы жарнама жасатуы керек болған. Махмуд Хикматов өзге блогерлердің парақшаларының статистикасы, аудиториясы туралы ақпарат сұратып, соған қарай жарнама беріп, ақысын төлеп отырған. Барлығы 35-тен аса блогерді тартқан, оның ішінде блогер Қайсар Қамза да бар.

Тергеу дерегінше, Қайсар Қамза парақшасына интернет-казиноларға апаратын сілтемені жариялап, Қазақстан азаматтарын құмар ойындарға әдейі тартқан. Сілтемеден өткен әрбір адам үшін сыйақы алып отырған.

Қаржылай мониторинг агенттігі азаматтардан іздеу жарияланған блогер Махмуд Хикматов туралы қандай да бір мәлімет білсе, 87172 70 84 78 (кезекші бөлім) нөміріне хабарласуын сұрайды. Хабар берген адамның аты-жөні құпия сақталып, сыйақы төленеді.

Оқи отырыңыз: Қайсар Қамза елге жеткізілді

Сондай-ақ оқыңыз