Solidcore Орта Азиядағы ең ірі қалайы кен орнына 315 млн доллар инвестиция құяды

Solidcore Resources Орта Азиядағы ең ірі қалайы кен орнына 315 млн доллар инвестиция құяды. Бұл туралы компания баспасөз қызметі хабарлады.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Сырымбет кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталады. Жобаны іске асыруға қатысты меморандумға Solidcore Resources Plc компаниясының еншілес құрылымы – Tin One Mining Limited мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілігі қол қойған.
Инвестиция көлемі кемінде 150 миллиард теңгені немесе 315,5 млн доллардан астам қаражатты құрайды. Бұл қаражат кен орнын игеру, комбинат пен қажетті инфрақұрылымды салуға бағытталады.
Solidcore Resources компаниясы Сырымбет жобасына 2024 жылдың соңында қосылған. Ол Tin One Holding компаниясының 55 пайыз үлесін 82,5 миллион долларға сатып алды. Бұл үлес сингапурлық Lancaster Mining PTE. LTD. құрылымына қарасты Berkut Mining компаниясынан алынды.
Қаржы есебі депозитарийінде жарияланған соңғы есепке сәйкес, Lancaster Mining компаниясы Сингапурда тіркелген Lancaster Holding холдингіне тиесілі. Ал Lancaster Holding акционерлері қатарында Берік Қаниев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев (оның акциялары сенімгерлік басқару арқылы Г. Досаеваға сеніп тапсырылған), Юрий Пак, сондай-ақ Гаухар және Нұрлан Қаппаровтар (Нұрлан Қаппаровтың үлесі Каппарова Г.С.-ның сенімгерлік басқаруында) бар.
Кен орнының қоры қанша
Сырымбет – Орталық Азиядағы игерілмеген ең ірі қалайы кен орны. Онда Қазақстандағы қалайы қорының 70 пайыздан астамы шоғырланған.
Кен орны 1985 жылы ашылған. JORC халықаралық бағалау стандартына сәйкес, мұндағы минералды ресурс көлемі 492,4 мың тонна қалайыны (орташа құрамы 0,40%) және 91,4 мың тонна мысты (орташа құрамы 0,07%) құрайды. Бұл жиынтық түрде 5,9 миллион унция алтын баламасына тең.
Меморандум аясында СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы жобаға мемлекеттік органдар тарапынан қолдау көрсетеді. Ал Tin One Mining компаниясы заманауи өндірістік және экологиялық технологияларды қолдануды міндетіне алады.
Кәсіпорында 800-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жұмысқа орналасу кезінде тиісті білімі мен біліктілігі бар жергілікті тұрғындарға басымдық беріледі.
Әлемдік нарықта қалайы тапшылығы артып, оның бағасы өсіп отыр. Электроника, жартылай өткізгіштер мен энергетика саласында бұл металға сұраныс жоғары.
Бұған дейін Solidcore Resources Оманда алтын мен мыс іздейтінін хабарлаған.