Ең қауіпсіз 5 кроссовер белгілі болды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Volvo ондаған жыл бойы қауіпсіздікке ерекше мән беретін автокөлік бренді ретінде танылып келді. Алайда бүгінде швед бренді бұл бағытта бәсекелестеріне жол беруге мәжбүр. Америкалық жол қауіпсіздігін сақтандыру институтының (IIHS) бағалауынша, бес шағын кроссовер Volvo XC40 моделінен жоғары нәтиже көрсеткен.

Бір қызығы, тізімдегі модельдердің басым бөлігі Қазақстанда ресми түрде сатылады.

Неліктен XC40 бәсекелестерінен төмен нәтиже көрсетті

Volvo XC40-ды қауіпсіздігі төмен көлік деуге болмайды. Ол бірнеше апаттық сынақтан ең жоғары Good бағасын алған. Алайда бүйірден соғылған кездегі қауіпсіздік және жол апаты кезінде мойынды жарақаттан қорғау сынақтарында кроссовер «Acceptable» («қанағаттанарлық») деген баға алды.

Фото: caranddriver.com

Сонымен қатар IIHS кейбір сынақтарды, соның ішінде фаралардың жұмысын, соқтығысты болдырмау жүйесін және балалар креслосына арналған LATCH бекіткіштерін тексермеген.

Нәтижесінде кроссовер Top Safety Pick+ жоғары қауіпсіздік марапатына ие бола алмады.

Қай модельдер Volvo-дан жоғары нәтиже көрсетті

IIHS бағалауынша, бес шағын жол талғамайтын көлік сынақтардың жалпы нәтижесі бойынша Volvo XC40-тан жоғары нәтиже көрсеткен.

Фото: Shutterstock

Subaru Forester рейтингтің үздігі атанды. Ол барлық дерлік сынақтан Good («жақсы») бағасын алған жалғыз модель болды және Top Safety Pick+ марапатына ие болды. Балалар креслосына арналған LATCH бекіткіштері де қолдануға ыңғайлылығы және екінші қатардағы үш орынның бәріне кресло орнатуға мүмкіндік беретіні үшін ең жоғары Good+ бағасын алды.

Mazda CX-5 апаттық сынақтарда, соқтығысты болдырмау жүйелерінің жұмысында және қауіпсіздік белдігін тағу туралы ескертулер бойынша ең жоғары нәтижелер көрсетті. Алайда фаралардың Good бағасы тек жоғары санаттағы S Premium Plus жинақтамасына берілген. Бағасы қолжетімді нұсқаларда фаралар Acceptable («қанағаттанарлық») деген баға алған.

Фото: Mazda

BMW X1 бүйірден соғылу сынағында Volvo-дан жақсы нәтиже көрсетті. Сонымен қатар фаралардың жұмысы, балалар креслосының бекіткіштері және жаяу жүргіншіні қағып кетудің алдын алу жүйесі бойынша да жоғары бағаланды. Әлсіз тұсы – тағылмаған қауіпсіздік белдігі туралы ескерту жүйесі. Ол сигналдың тым бәсең болуы және екінші қатардағы жолаушыларға арналған ескертудің болмауына байланысты Marginal («орташа») бағасын алды.

Фото: autocarindia

Hyundai Tucson да Top Safety Pick+ иегерлерінің қатарына кірді. Кроссовер алдыңғы және бүйірлік апаттық сынақтарда, сондай-ақ соқтығысты болдырмау жүйелерінің жұмысында ең жоғары бағаларға ие болды. Ал соқтығыс кезінде мойынның жарақат алу қаупін азайту көрсеткіші Poor («нашар») деп бағаланған. Дегенмен бұл нәтиже көліктің IIHS-тің ең жоғары марапатын алуына кедергі болмады.

 Фото: astana-motors.kz

Kia Sportage үздік бестікті түйіндейді. Модель Top Safety Pick+ марапатына ие болып, негізгі сынақтардың барлығында дерлік Good бағасын алды. Тек мойынды жарақаттан қорғау және балалар креслосының бекіткіштері бойынша нәтижесі төмен болып, бұл сынақтардан Acceptable («қанағаттанарлық») бағасын алды.

Еске сала кетейік, осыған дейін қазақстандықтар ең көп таңдаған жол талғамайтын көліктердің тізімін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз