Оқушыға сөмке таңдайтын кезде ата-ана білу керек бес ереже

Баланы мектепте дайындағанда ерекше назар аудару керек дүниенің бірі – оның сөмкесі. Ауыр, дұрыс таңдалмаған сөмке тікелей бала денсаулығына зиян келтіреді. Сколиоз, остеохондроз секілді ауруларға шалдығады. Назарларыңызға сөмке таңдау кезінде ескеру керек негізгі ережелерді ұсынамыз.
Сөмкенің салмағы, көлемі
Денсаулық сақтау министрлігінің кеңесіне сүйенсек, бала сөмкесі оның салмағының 10%-нан аспауы керек:
- 1-3 cынып оқушылары – 2 келіге дейін;
- 4-5 сынып оқушылары – 2,5 келіге дейін;
- 6-7 сынып оқушылары – 3,5 келіге дейін;
- 8-11 сынып оқушылары – 4,5 келіге дейін сөмке ұстағаны жөн.
Сөмке бауына да назар салуы керек. Баудың ені кемінде 4-5 см болуы тиіс. Неғұрлым жалпақ болса, иыққа қатты батпайды. Мамандардың айтуынша, омыртқа қисаюы – мектеп жасындағы балаларда ең жиі кездесетін мәселенің бірі. Ол көбінде сөмкені дұрыс асынбағаннан, партада дұрыс отырмағандықтан және тым аз қозғалдықтан болады.
Сөмкенің арқалығы баланың дене бітіміне сай болуы керек
Денесі енді жетіліп келе жатқан бастауыш және орта сынып оқушылары үшін сөмке арқалығы өте маңызды. Ол тығыз әрі тыныс алатын торлы материалдан жасалуы керек. Сонда баланың арқасы терлемейді. Тағы бір назар аударатын нәрсе – оқушы сөмкесінің төменгі жағында жұмсақ жастықша болу керек. Сол арқылы күш баланың арқасына тең бөлінеді, белге артық салмақ түспейді.
Сөмкеде жарық шағылыстырғыш элементтер болуы
Екінші маусымда оқитын, сабақтан іңір батқанда қайтатын оқушылар үшін сөмкесінде жарық шағылыстырғыш элементтерінің болуы өте маңызды. Бастауыш сынып оқушыларының бойы кішкентай болғандықтан көліктер арасында көрінбей қалуы мүмкін. Сондықтан сөмкенің алдында, бүйірінде немесе бауында шағылыстырғыш жолақтар тігіледі.
Мәселен, көлік жүргізушісі кешкі уақытта көшеден өтіп бара жатқан адамды 25-30 метрден ғана байқай алады. Ал жарық шағылыстырғыш болса 150-200 метр қашықтықтан көрінеді. Егер баланың сөмкесінде ондай элемент болмаса, жапсырып қоюға да болады.

Сөмке материалы сапалы болсын
Сөмке су өткізбейтін тығыз, бірақ жеңіл, тазалауға оңай материалдан (нейлон немесе полиэстер) тігілуі керек. Түбі қатты болса, ұзаққа шыдайды. Ішінде кітап, дәптерлерді бөлек салатын кемінде 2-3 бөлім болсын, бүйірінде қосымша қалта болуына да назар аударыңыз. Ең ауыр кітаптарды арқасына жақын салыңыз, сонда омыртқаға түсетін салмақ азаяды.
Мүмкіндігінше сөмке тігуге маманданған брендтерді таңдаңыз
Қазақстанда сөмке тігетін отандық брендтер көп емес, бірақ бар. Мәселен, Abdi сауда үйінің Aisa/ Aisa School атты бренді бар. Бағасы қолжетімді, бастауыш сынып оқушыларына арналған сөмкені 10 мың теңгеге, ал жасөспірімдер рюкзагын 12-16 мың теңге аралығында алуға болады. Сапалы және көлемі қазақстандық мектептердің оқулықтарына лайықталған.
Жақсы тауар ұсынатын тағы бір бренд Erhaft деп аталады, ол » Детский мир» желісіне тиесілі. Бастауыш сынып оқушылары үшін арқалығы берік, материалы төзімді сапалы сөмкелер ұсынады әрі қазір 60%-ға дейін жеңілдіктер болып жатыр.
Ортопедиялық сөмке сататын брендтің бірі – TIGERNU. Көбінде ересектерге және жасөспірімдерге арналған сапалы рюкзактар сатып алуға болады.
Бұдан бөлек жасөспірімдер арасында ресейлік GRIZZLY брендінің өнімдері танымал. Оның тауарларын Flip.kz және MARWIN желілерінен сатып алуға болады. Сондай-ақ Berlingo / ErichKrause неміс брендінің сөмкелері де сұранысқа ие. Оларды «Меломан» дүкенінен немесе басқа маркетплейстерден таба аласыз.
Оқи отырыңыз: 50%-ға дейін жеңілдік: оқу құралдарын қай жерден арзанға алуға болады