Алматы облысында биыл 100 мың тонна алма жиналады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Биыл Алматы облысындағы бағбандар 100 мың тоннаға жуық алма жинауды жоспарлап отыр.

Алматы облысы әкімдігінің ақпаратына қарағанда, оның 80 пайызы ішкі нарыққа жөнелтілсе, қалған 20 пайызы экспортқа шығарылады. Алматы өңірінің алмасы негізінен Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Беларусь елдеріне экспортталады. Сонымен қатар жиналған өнімнің 10 пайызы шырын, пюре, тосап және өзге де қайта өңделген өнімдер шығаруға пайдаланылады.

«Бүгінде облыстағы алма бақтарының жалпы аумағы – 9,9 мың гектар. Оның 2,2 мың гектары – интенсивті бақтар. Алма өсіру көлемі бойынша облыстың Еңбекшіқазақ ауданы көш бастап тұр. Мұнда жыл сайын 34,1 мың тонна өнім жиналады. Одан кейінгі орында Ұйғыр, Талғар, Қарасай және Жамбыл аудандары тұр», – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңірде алма ағашының 21 сорты өсіріледі. Мысалы, Алматы апорты, фуджи, гала, голден делишес, синап, кандиль, айдаред және басқа да кең таралған сорттар бар. Соның ішінде гала сұрыпына халықаралық нарықта сұраныс жоғары.

Алматы облысында соңғы үш жарым жылда 282 мың тоннадан астам алма жиналып, соның 1,5 мың тоннасы шетел нарығына экспортталды. Алма экспортынан түскен түсім шамамен 1 млн 549 мың АҚШ доллары болды.  

Айта кететін жайт, Қазақстанда алма, картоп, қызанақ және бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы арзандады.

Сондай-ақ оқыңыз